Қонаққа бала ертіп бару дұрыс па?

Қонаққа бала ертіп бару дұрыс па? zhanaqorgan-tynysy.kz

«Шұбыртып балаларын ертіп алыпты ғой» деген сөз соңынан ермес үшін бірқатар ата-ана той-томалаққа, үлкен кісілер жиналатын орындарға, қонаққа бала ертіп бармауға тырысады. Олардың ойынша, ересектер отырған ортада балаға тыңдауға болмайтын әңгімелер, әзілдер айтылады, бір жағынан баланың да көпшілік ішінде мазасы кетеді. Енді біреулер «бала қашанғы бөлмесінен шықпай отыру керек, олар да кішкентайынан ортаға бейімделсін, қонаққа ертіп жүрген жөн» деген пікірде. Екі тараптың да пікірін қате дей алмаймыз. Ендеше, пікірлерді ортаға салып көрейік...

 

 

 

Балжан БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, психолог:

 

Ертіп жүруді құптамаймын

 

Күні кеше ғана 30–40 адам жиналған ауызашарға бардық. Сол жерде оншақты бала болды. Әлгі балалар өз ата-анасының да, қонақтардың да берекесін алды. Әсіресе, осындай ораза кезінде ауызашарға бала әкелу дұрыс емес деп ойлаймын. Ата-ана баланы ертіп әкеледі де, смартфоннан YouТube-ты бар даусымен қосып, баланы жанына отырғызып қояды. Сол жағымсыз дыбыс қонақтардың басын ауыртып жіберді. Не  жиылған қауыммен жөні түзу әңгіме айта алмайсың, не біреуді тыңдай алмайсың. Әрине, ауызашар беріп жатқан үйдің иесі жақын араласатын адамына «бала ертіп әкелмеші» деп айта алмайды, өйткені ауызашар беріп отырған адам ниетімді дұрыс түсінбей қала ма деп ойлайды. Сондықтан менің ойымша, әр ата-ана қандай жерге бала апару керек, апармау керек түсініп, бала ертіп жүрудің әдебін білсе екен деймін. Әркімнің баласы өзінен басқа ешкімге қызық емес. Егер үйде баланы алып қалып, қарайтын адам болмаса, қонаққа бармай-ақ қойғаны дұрыс.

 

 

 

Диана ЕДІЛҚЫЗЫ, дизайнер:

 

Орынсыз ренжитіндер бар

 

Жақында әулетімізде үлкен той болды. Қайынсіңлімді ұзаттық. Тойға 150-дей адам шақырдық. Тойханадағы әр орын есептеулі екенін қазір бәрі біледі ғой. Сондықтан алдын ала шақырған адамдардың келетін-келмейтінін анықтап алудың да еш әбестігі жоқ. Бірақ жақын туыстарымызға «тойға бала әкелме» деп айта алмайсың. Балалар дастарханға отырмаса да, залда ойнап жүрер дейміз де қоямыз. Той басталарда алыстан келген сыйлы қонақтардың орнын көрсетіп, бәрін өз орнына жайғастырып жаттық. Тойға келген бір бауырымыз бен келініміз 3 баласын дастарханға отырғызып қойған екен. Енем жайлап барып: «Бұл үлкен кісілерге арналған орындар еді, балаларға есептелмеген ғой» деп ескерту жасап еді, әлгі бауырымыз орнынан атып тұрып, ренжіп, әйелін, бала-шағасын алып, тойдан кетіп қалды. Міне, осындай да жағдайлар болып жатады.

 

 

 

Гаухар КӨШЕРБАЙҚЫЗЫ, мұғалім:

 

Өнегелі ортаға бейімдеген жөн

 

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің мынандай тамаша сөзі бар: «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады» дейді. Сондықтан да баланы салиқалы кісілер жиналатын ортаға жиі ертіп барған жөн деп санаймын. Осындай орта көріп, өнегелі әңгімелер  тыңдап өскен баланың ақылы толысып, үлкендерге еліктеуге тырысады, бос ойындарға деген қызығушылығы басылады. Кезінде ата-әжелеріміз қасына немерелерін ертіп жүрген ғой. Әрине, кез келген жерге баланы апара беруге қарсымын, дегенмен жақын отбасылық достардың, туыстардың үйіне барғанда балаларды апарып, бір-бірімен жақын таныстырып, араластырып үйреткен дұрыс. Өйткені, қазіргі кезде тіпті  ағайынды адамдардың балалары бір-бірін жөнді танымайды, араласпайды. Жалпы туыстардың басы тек тойларда ғана қосылады ғой.  Балалар бір-біріне жат болмай өскені жақсы.

 

    

 

Дархан СҮЛЕЙМЕН, кәсіпкер:

 

Баланы бір уақыт үйде алып қалса....

 

Өзім 5 баланың әкесімін. Әйелім балалар 1 жасқа келгенше баламен ешқайда бармайды. Ал қазір үлкен балаларымыз кішілерін қарайтын жасқа жетті. Қонаққа, тойға барсақ, кішкентайларды үлкендеріне тапсырып кетеміз. Өйткені, біз ата-анамыздан бөлек тұрамыз, ата-әжелері ауылда. Менің ойымша, балалар ес біліп, «қой» деген сөзді ұққанша қонаққа апарудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның үстіне әр баланың мінезі әртүрлі. Кейбір ерке балалар барған жерде әке-шешесінің де, қонақтардың да мазасын алуы мүмкін. Қазір омыраудағы баласын құшақтап, тағы бірнеше баласын етегіне жармастырып, барлық жерден қалмайтын келіншектерді байқап қаламын. Түсінемін, үйде отырған әйел бір жерге шыққысы келеді. Бірақ бала ертіп жүру өзіне ғана емес, айналасындағыларға да ыңғайсыздық туғызатынын ескеруі керек. Бүгінде үйде бала қарап отыратын әжелер де некен-саяқ. Үлкен кісілер де бір уақыт келіндері тынығып, үйден шығып, құрбыларымен кездесіп қайтуына жағдай жасап, баланы алып қалса, қандай тамаша. Баланың тәрбиесіне тек әке-шеше ғана емес, ата-әже, жалпы қоғам жауапты екені даусыз.  

 

 

 

Айгүл БЕКОВА, тарихшы:  

 

Әжем қасынан бір елі қалдырмайтын

 

Өзім үйдің тұңғышы болғандықтан әжемнің тәрбиесін алдым. Ол кісі мені қайда барса да, жанынан қалдырмай ертіп жүретін. Бірде ауылдағы тойлардың біріне барғанда қонақтар жылдам тарқаса керек. Тойдың тез бітіп қалғанына таңырқаған мен: «Апалар, ән айтпаймыз ба?» деп айғай салыппын. Сол кезде небәрі 5 жаста екенмін. Сол қылығымды әжем бертін келгенше айтып, күліп отырады. Менің ойымша, біз баланы өте көп шектейміз. Әсіресе, біздің буынның балалары өте именшек, жасқаншақ болды. Өйткені, ата-анамыз не нәрседен «тәйт» деп тыйып, артық сөйлетпейтін. Үйге қонақ келсе де бір бөлмеден шықпай отыратын едік. Сондықтан жасы 40–50-ге келсе де, өз ойын еркін жеткізе алмайтын адамдар көп арамызда. Бала мен үлкендердің арасында байланыс, диалог болмауының арқасында қаншама бала ата-анасына сырын айта алмай өсті. Ал кезінде ата-бабаларымыз балалар құймақұлақ болып өссін деп үлкендердің ортасына бейімдеп отырған емес пе? «Баланы бала деме, ақылы асса, дана болады» деп баланы баласынбай, кей тұстарда олардың ойларын біліп, ақылдасып отырған. Бұрынғы бала билер, шешендер мен ақындар осындай тәрбиенің нәтижесі.

 

 

 

 ТҮЙІН:

 

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» демекші, бала-шаға өскен сайын бұл дүниеде бала тәрбиесінен күрделі, нәзік нәрсе жоқ екенін түсінеді екенсің. Не көп, қоғамда бала тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңес көп, бірақ әркім өз баласын өз деңгейінде тәрбиелейді. Сондықтан да әдетте үлкен адамдарға «бала тәрбиелемес бұрын өзіңді тәрбиеле, бала – ата-ананың айнасы» дейтіні тегін емес екен. Баланы жақсы ортаға бейімдеу де айналып келгенде ата-ананың міндеті. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:58

19:29

19:08

18:50

18:14

18:03

17:48

17:33

17:22

17:10

16:42

16:30

16:21

15:58

15:37

15:19

15:04

15:03

14:49

14:45

14:20

14:07

14:03

13:59

13:09