Қазақстаннан жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қоқыс шығады

Қазақстаннан жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қоқыс шығады Сурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында стихиялық қоқыстарды жою шаралары талқыланды.


Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өткен жылдың қорытындысына сәйкес ғарыштық мониторинг көмегімен анықталған стихиялық қоқыс үйінділерінің 77%-ы жойылғанын баяндады. Оның айтуынша, қоқыс орындарының ең көп саны Ақмола облысы бойынша – 830 (оның 88%-ы жойылды) және Қарағанды облысында – 745 (оның 99%-ы жойылды). Қоқыс орындарын жою жұмыстары Абай (10%), Ұлытау (15%) облыстарында және Астана (52%) қаласында нашар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 


Осы жылдың мамыр айынан бері 5578 қоқыс орны анықталып, оның небары 50%-ы жойылды. Қоқыстарды жою жұмыстарының төмен көрсеткіштері Абай және Маңғыстау облыстарында – 16%, Ұлытау облысында – 20% және Астанада – 30% тіркелді.


Стихиялық қоқыс үйінділері пайда болуының алдын алу үшін қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне заңнамалық деңгейде лицензиялау мен хабарлама тәртібі енгізілді, фракциялар бойынша қалдықтарды бөлек жинау міндеті қосылды, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұл көлемі өсті. Бұл ретте, заңсыз қалдықтарды тасымалдау фактілерін анықтау мақсатында ведомствоаралық мобильді топтар рейдтер жүргізеді. 2023 жылы 63 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.


Бүгінгі таңда GPS датчиктердің көмегімен қоқыс шығаратын техниканың қозғалысын бақылаудың ақпараттық жүйесі сынақтан өтуде. Келесі жылы оны өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мәселен, Шымкентте қаласы бойынша пилоттық жоба іске асырылды, соның арқасында нақты уақыт режимінде 42 қоқыс шығаратын көліктің қалдықтарды жинау орнынан оны қоқыс алаңына апарғанға дейінгі қозғалысын бақылауға болады.


Сонымен қатар Экология министрлігі елді мекендерді ғарыштық мониторингпен қамтуды арттыру, құрылыс қалдықтарының қозғалысына бақылауды күшейту және оларды қайта кәдеге жаратудың ұлттық стандарттарын енгізу мәселелерін пысықтап жатыр.


Премьер-Министр Маңғыстау облысында рұқсат етілмеген үйінділерді жоюдың ең төмен көрсеткіші байқалғанын атап өтті. Бұл көрсеткіште антирейтинг бойынша да Абай ауданы көш бастап тұр. Өңір әкімдері Нұрлан Ноғаев пен Нұрлан Ұранхаев атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты түсініктеме берді.


Отырыста елорда әкімі Жеңіс Қасымбек те баяндама жасады.


Үкімет басшысы атап өткендей, қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр.


Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елдері қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату жұмыстарын жүргізіп келеді.



«Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция елі тұрмыстық қалдықтардың 99%-ын қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады», — деді Әлихан Смайылов.



Оның айтуынша, мыңдаған стихиялық қоқыс полигондары жағдайды қиындатып отыр. Жалпы әкімдіктер оларды жою үшін қомақты бюджет қаражатын бөледі. Қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтауға арналған рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.


Сонымен қатар Премьер-Министр қалдықтарды басқару саласында атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті. Ол қазіргі заманғы қоқыс өңдеу зауыттарын іске қосу жоспарлары әлі іске асырылмағанын және ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі екенін айтты.



«Осы жылдың наурыз – қыркүйек аралығында ғана 5,5 мың рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыс орындары табылды. Бұл ретте, әкімшілік айыппұл салу жағдайды жақсартпай отыр. Яғни, қоқысты полигонға апарып тастағаннан гөрі, айыппұл төлей салған тиімді болып тұр. Мұндай тәсілді өзгерту керек. Қалдықтармен жұмыс істеудің және оны кәдеге жаратудың нақты жүйесін қалыптастыру қажет», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.



Ол құрылыс қалдықтарына арналған полигондардың бар екендігі туралы тұрғындарды хабардар ету, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинауды, оларды одан әрі сұрыптауды, қайта өңдеуді және кәдеге жаратуды белсенді енгізу қажеттігін атап өтті.



«Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда қоқыс полигондарын ұйымдастыру ісіндегі басты проблемалардың бірі тарифтер мен талаптарға және заңдық нормаларға байланысты. Олар әсіресе, шағын елді мекендерде ертеден қалыптасқан қоқыс төгетін орындар үшін барынша икемді болуға тиіс. Әйтпесе, полигондардың жұмысын заңдастыру мүмкін болмайды», — деді Премьер-Министр.



Үкімет басшысы 1 қарашаға дейін өңірлерде Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекіту қажеттігін және жыл соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің санын 2 есеге қысқартуды талап етті.



Сонымен қатар, ол рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер енгізу қажеттігін атап өтті.



«Әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту қажет, заң бұзу фактілері қайталанса, соған сәйкес салынатын айыппұл мөлшері де өсуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.



Экология министрлігіне қалдықтарды бөлек жинауды енгізудің, оларды кәдеге жарату мен қайта өңдеудің халықаралық тәжірибесін зерделеу және заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеу тапсырылды.



«Қалдықтарды жоюдың қазіргі жүйесі, оның ішінде тариф мәселесі ешқандай сын көтермейді. Саланың тиімділігі жоқ, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермейді. Жыл соңына дейін жаңа тәсілдерді әзірлеу керек», — деді Премьер-Министр.



Ол сондай-ақ еуропалық озық тәжірибені ескере отырып, қалдықтарды жойып, қайта өңдейтін жаңа зауыттар салу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.



«Швеция, Франция, Жапония сияқты әлемнің кейбір елдерінде зауыттар үлкен жерді алып отырған жоқ, онда түтін мен иіс шығармайтын технологиялар қолданылады. Соның арқасында түтін де, иіс те болмайды», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.



Қорытындылай келе, Премьер-Министр қоқыспен жұмыс істеу мәдениеті мәселелерін әзірлеп, оны балабақшадан бастап университетке дейін оқу бағдарламаларына енгізуі қажеттігін атап өтті.



«Қалдықтарды бөліп жинау және қайта өңдеу біздің іс-әрекетіміз бен мінез-құлқымыздың маңызды бөлігіне айналуы қажет. Осы тапсырмалардың орындалу қорытындысын жыл соңында Үкімет отырысында тыңдаймыз», — деп қорытындылады ол.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:37

16:22

16:00

14:53

14:44

11:23

10:39

10:21

19:11

18:10

17:15

17:05

16:15

13:31

12:17

11:50

11:45

10:48

10:29

09:52

09:37

08:33

18:56

18:03

17:30