Өз биігінде қалды

Өз биігінде қалды almaty-akshamy.kz

Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов Алматыны он жылға жуық уақыт басқарды. Жай басқарған жоқ, шын мәнінде аты аңызға айналған тұлға болып қалды. Батыр шалыс, өр тұлғалы Зәкең шаһарды өмірлік тәжіри­бесі, білім-білігімен ғана емес, ең бастысы, мінезбен басқарды. Бұл – әлі тәуелсіздікке қол жетпеген, ел іші Желтоқсан кө­терілісі алдында тұрған аумалы-төкпелі кезең еді. Алматыда тұратын қазақтардың саны бар болғаны он екі пайыз. Зәкең әңгімені осы дерек­тен бастады. Бұл қалай? Бұл жағдайды кезінде «Алматы ақшамының» тілшісіне былайша тәспірлеп берген екен.



– Мен Алматы Қазақстанның астанасы болғаннан кейін сырттан келген жас қазақтардың осы қалаға сіңіп кетуін, осы жерде өздерінің тұратындығын ресми түрде заңдас­тырып кеттім. Мен келгенде 1985 жылы 1 миллионнан астам халық тұратын Алматыда 12-ақ пайыз қазақ тіркелінген екен. Алдымыз­дан «неге бұлай?» деген мүйізі қарағайдай сауал шықты. Ешкім жауап бермейді. Бұған дейін бұл мәселе ешкімді қызықтырмаған, тиісті орындар әлеуметтік зерттеу жүргізбеген, аш бәледен қаш бәле деген принцип ұстанған. Сонымен, біз бұл мәселені май шаммен қа­рап, оның себеп-салдарын саралау­ға кірістік.



Мысалы, оқуға түсетін қыз бен жігіттер ауылдан келеді. Қазақс­танның әр түкпірінен келгендердің бәрі оқуға түсе алмайды. Ауылда­рына қайтқысы келмейді. Ұлдар­дың көбісі құрылысқа, иә зауыттар­ға барады. Ал қыздар болса АХБК, кілем не болмаса тігін фабрикасы­на барып жұмыс істейді. Солардың жатақханасына «уақытша тіркелді» деген қағаз толтырылады. Олар жүз мыңдап келеді. Мен соның бәрін жойдым.


Қалайша олар сонша жыл жұ­мыс істеп «уақытша тіркеледі», ол осында тұрақты жұмыс істейді. Мен бәріне толық тіркеу жасаттым. Жатақхана жетпей үй жалдап тұ­рып жұмыс істейтіндер сонда тір­кеуге тұрады. Олардың әке-шешесі келетін болса, оларды еш жерге тіркемейді. Шаршы метр жетпейді, тағы да басқа толып жатқан сыл­тауларды көлденең тартады. Ал бұрынғы тұрғындардың бәрін тір­кедіңдер ғой, квадрат жетпейді де­ген жоқсың. Келген қазақты неге тіркемейсің?», – деймін ғой. Мен осының бәрін ретке келтіріп, Алма­тыдағы қазақтың санын 40 пайызға көтердім.



Расында, ол заманда Алматыда тіркелу деген шағын пәтер алған­мен бірдей болатын. Тіркеуде бол­масаң өзіңді адам санатында жоқ­тай жағдайға жеткізген және де бұл жасырып керегі не, қолдан жасал­ған қиындық болатын. Қалалы жерде жергілікті халықтың санын көбейтпеу жөніндегі Мәскеудің жасырын нұсқауы да болғанын кейін біліп жатырмыз ғой. Ер Зәкең тәуекел деп тас жұтып, тұңғыш рет сол тас қамалды бұзды. Сонымен қатар, осы бүгінгі қарыштап дамып кеткен Алатау ауданының негізін бейресми қалаған да Зәкең еді. Ел­ден келіп, Алматыдан пана таба алмай жүрген қазақтарға осы бүгінгі «Шаңырақтан» жер берді. Қазір ол жердің бәрі заңдастыры­лып, қаншама отбасы тұрақты қо­ныстанып, берекелі тірлік кешіп отыр.



Тоқсаныншы жылдары Алма­тыны шет жұрттың байшыкештері жаулай бастады. Олар өзін өте еркін сезініп, мастанғаны сонша, тіпті жоғары билік орындарының талабына да құлақ аспайтын жағ­дайға жетіп қалған. Амал жоқ, Зә­кеңе атқа мінуге тура келді. Солар­дың бірі КРАМДС корпорациясы. Оны Тё деген кәріс басқарады. Сол шектен шыққан кәрісті қыңсыла­тып қаладан қуып шыққан да осы кісі еді.


Біз білгенде Зәкеңнің аты шық­паған кезі жоқ. Ел үшін туған есіл ердің «ерлігін» айта беруге дерек те, дәйек те жетеді. Жарайды, қо­лында билік болған соң неге жаса­масқа дерсіз. Болып тұрып жасама­ғандар да бар ғой. Ал енді ұлттық намыс аяққа тапталып жатқанда әлгі «ұлттық кемсітушілікке жол берілмесін» делінетін биліктің псевдопатриотизміне де пысқыр­май, қызметті ойлау қаперіне де кірмей атқа қонды ғой. Қазаққа қарсы ашық шабуылға шыққан бір танымал орыс басылымын бесігін­де тұншықтыруда да Зәкеңнің ең­бегі зая кеткен жоқ.



Басы ашық ақиқат: ол шаһар басшысы деңгейінде қалған жоқ, үлкен тұлғалық биікке көтерілді. Халқын өлердей жақсы көрді, хал­қы да оны төбесіне көтерді. Көр­некті мемлекет және қоғам қайрат­кері З.Нұрқаділов тұлғасын даралауға қазіргі жаңа көзқарастар тұрғысынан келсек, әңгімеге қам­шы салудың керегі жоқ. Көңілдегі көрікті ойға өз-өзінен қанат бітіп жүре береді. Оның бойындағы өзге шенеуніктерден көп байқала бер­мейтін биік рухани өре, адами да­ралық талантты адамдарға деген құрметін күшейте түскені сөзсіз.



Осы рухани өлшемдер тұрғы­сынан қарағанда, ол байлық деген­ге пысқырмады. «Мен егер байлық­қа қызығатын болсам, қаланың әкімі болып тұрған кезде Алматы­ның жартысын, облысты басқарып тұрған кезде облыстың жартысын ұлым Қайрат пен қызым Құралайға бөліп берер едім. Тұрды ғой қо­лымда. 1991 жылы жекешелендіру басталды. Мен бірақ мұның ешқай­сысын пайдаланған жоқпын. Не жер, не үй алмаппыз, не бір мага­зин салмаппыз. Сендер көріп отыр­ған осы үй Мақпал екеуміздің бар байлығымыз», – деп еді ілгеріде «Алматы ақшамына» берген бір сұхбатында.


Иә, Зәкең қандай жағдайда да жан, ар тазалығын сақтап, сол биігінде қалуды ойлады. Ел есінде солай болып қалды.


Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:23

10:39

10:21

19:11

18:10

17:15

17:05

16:15

13:31

12:17

11:50

11:45

10:48

10:29

09:52

09:37

08:33

18:56

18:03

17:30

17:02

15:11

14:12

13:35

12:44