«Келешек» жүйесі көп мәселені шешеді

«Келешек» жүйесі көп мәселені шешеді primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі шаралар қаралды.



Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеменің едәуір артатынын атап өтті. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40%-дан астамын гранттармен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда қолданыстағы тәсілдер сақталса, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш шамамен 15%-ға дейін қысқарады. Бұл ретте Министрлік 2020 жылдан бастап жыл сайын гранттар санын орта есеппен 10%-ға ұлғайтады.


Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде қолданыстағы қолдау шараларын біріктіретін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.



Аталған жүйе шеңберінде балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осылайша, айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады.



Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болады. Сондай-ақ ақшаның құнсыздануынан қорғау құралдары қарастырылған.


Оған қоса Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында қаражат жинақталатын болады, бұл кейіннен қаражатты бір жерге шоғырландыруға, таңдаған ЖОО-ға оқу ақысын төлеуге мүмкіндік береді.


Оқушылар ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша үміткер бола алатын мемлекеттік білім беру гранттарын бекіту жүйесі сақталатыны атап өтілді. «Келешек» жүйесі азаматтарды қолдаудың қосымша тетігі болмақ. Бұл ретте талапкер грантқа түскен жағдайда, шотында жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.


Министр жүйені құру аясында барлық жинақтау процесін цифрландыру, толығымен ашықтықты қамтамасыз ету және тиісті модульді екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларына интеграциялау көзделіп отырғанын атап өтті.


Жоспарланған іске асыру тетіктері туралы «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов айтып берді. Тақырып бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова түсініктеме берді.


Премьер-Министр «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселесі қазақстандық отбасылардың барлығына қатысты екенін атап өтті.



«Онда мемлекеттен берілетін бастапқы капитал, ата-аналардың ерікті салымдары, инвестициялық кіріс және мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Осылайша, жеңілдетілген білім беру несиелерінің интеграциясын ескере отырып, “Келешек” бірыңғай ортақ жинақтау жүйесінде мемлекеттік қолдау шаралары шоғырландырылатын болады. Оқуға түскенше жинақталған қаражат жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов. 



Үкімет басшысы атап өткендей, елдің әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігі халықтың білім деңгейіне тікелей байланысты. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, экономика өсімінің 16%-ы физикалық капиталға, 20%-ы табиғи капиталға, қалған 64%-ы адами және әлеуметтік капиталға байланысты.


Үкімет басшысы мемлекет бұған дейін де жастарға жоғары білім алуға жан-жақты қолдау көрсеткенін атап өтті. Мәселен, соңғы 6 жылда университеттерде оқуға арналған гранттар саны іс жүзінде 2 есе өсті.



«Биыл 73 мыңнан астам грант (бакалавриат) бөлінді, 2017 жылы бөлінген гранттар саны 38 мыңнан астам болған. Сондай-ақ үш жыл ішінде бір білім алушыға жұмсалатын қаражат көлемі 2019 жылғы 420 мың теңгеден 2023 жылғы млн теңгеге дейін екі есе өсті», — деді Әлихан Смайылов.



Сонымен қатар 2019 жылдан 2022 жылға дейін туу көрсеткішінің өсуін ескере отырып, 2040 жылға қарай 18 жастағы қазақстандықтар саны айтарлықтай өседі деп күтілуде. Бұл ретте гранттар санын арттыру олардың көбін жоғары біліммен қамтуға мүмкіндік бермейді.



«Келешек» осы мәселелерді шешуге көмектесуі керек. Білім берудің қолжетімділігі мен сапасы ресурстарды шоғырландыру және мемлекет, бизнес, оқу орындары мен азаматтар арасында жауапкершілікті бөлу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Бұл бірінші мамандықты алғанға дейін балаларды толық қолдауға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.



Премьер-Министр «Келешек» жүйесін келесі жылы енгізу қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты ұсынылып отырған шараларды кеңінен талқылап, жүйенің әрекет ету тетігін жан-жақты пысықтау талап етіледі.



«Бұл тек министрлік үшін ғана емес, сондай-ақ халық пен барлық қатысушы үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:52

19:12

19:06

18:56

17:51

17:43

17:35

16:58

16:13

16:07

15:49

15:42

15:35

13:05

12:58

12:58

12:57

12:43

12:30

12:16

12:05

11:59

11:50

11:19

10:53