Жерүстел

Жерүстел Суретті түсірген - Самат

немесе қазақтың тұрмыс-салтының бәрі тұнып тұрған ғылым



Бүгінде заманауи жиһаздардың түр-түрі бар. Қонақ бөлме, балалар бөлмесі, жатын бөлме, дәліз, кіреберіс дейсіз бе, бәріне қалаған дизайнда тапсырыс беріп жасатып аласыз. Асүйіңізге төртбұрыш әлде үшбұрыш немесе дөңгелек үстел керек пе, оны да өз талғамыңызбен жасатуға мүмкіндік жетеді.


Соған қарамастан, еліміздің оңтүстік өңірлерінде әлі де көп ағайын жерүстелге, яғни жозыға отырып шәй ішеді. Үлкен тойды да жерүстелге жасай беретін аймақтарды білеміз. Қаладан барғандар ол үстелге отыра алмай, әрі төңкеріліп, бері төңкеріліп, әбден мазасы қашатынын көріп жүрміз.


Кеше ауылға барғанда байқағаным, үлкені де, кішісе де малдас құрып отыр дастархан басында. Емін-еркін. Бәрі сергек. Тың. Қуандым. Бала күнгі көз алдымда қалған қазақы қалыптың жоғалмағанына қуандым, бәлкім.


Кейде қалаға келген үлкендеріміздің «мынау аспандап отыратындарың қолайсыз бізге, жерге ішсеңдер қайтеді» деп қалатыны бар. Ол кісілер жерге малдас құрып, тізені бүгіп немесе аяқты созып тастап отырудың, жерде жастыққа шынтақтап, созылып жатудың пайдалы екенін жақсы біледі. Оны медицина да дәлелдеп қойған. Ал, шынтуайтында, дана қазақ одан ертерек білген.


Аталарымыз малдас құруды ер кісінің дұрыс отыру тәсілі деп есептеген. Ал әйелдер жағы әдеппен ғана оң аяғын астына басып, сол тізесін бүгіп отырып шай құйған. Зерттеулерге сүйенсек, бұлай отыру қан айналымын жақсартып, аяқтағы қан тамырларының жұмысына елеулі әсер етеді екен. Қарапайым тілмен түсіндірсек, аяқтағы бұлшық еттің бар бөлігіне күш түседі де, қан жақсы айналады. Соған орай зат алмасу процесі де қарқынды жүреді. Ал орындықта отырған адамның бұлшық етінің біраз бөлігі қимылсыз қалады дейді мамандар.



Шындық сол, қазір еңкейіп еден де жумаймыз әйелдер. Таяқпен жуамыз. Демек, тізе бүгілмейді. Дене иілмейді. Бүгінгі өркениетті қоғамдағы үстелге отырғанда да дәл сондай, тіземіз бүгілмейді, орындықта отырған соң оған күш те түспейді, тек қолымыз бен аузымыз ғана қимылдайды. Ал малдас құрып, тізерлеп отырған адамдардың денесі босаңсып, сол арқылы миы да тынышталатын көрінеді. Ми тынышталған соң, тамақ та сіңімді болатыны сөзсіз.



Ауылда, шай, тамақ ішіліп болған соң, тоқ басу үшін жерүстелді айнала, бір-бір жастықты қолтығына басып алып, шынтақтап жатып әңгіме соғатын немесе алдағы күннің шаруасын ақылдаса бастайтын шаруақор әкелердің, аға-інілердің бейнесі қандай! Былайша айтқанда, қазақтың жозысы, жерүстелі отбасы мүшелерін жақындастыратын қасиетке ие болған десек, қателеспеспіз. Ас қайырып, бата жасап, орындарынан тұрып бара жатқанда да тізе бір бүгіліп, бір жазылады. Ал оның бәрі денсаулыққа пайдалы. Қазақтың тұрмыс-салтының бәрі тұрып тұрған ғылым ғой.


Тақырыпқа орай


Дастархан әдебі



  • Дастархан жасалғанда, үстіне алдымен нан қойылады. Үстел басына қол жумай отырмайды. Әйтпесе, астың құты қашады деп ырымдаған.

  • Дастарханға әуелі үйдің үлкендері жайғасады. Себебі, қазақ үйдің берекесі үлкендерде тұрады деп санаған.

  • Төрге әулеттің атасы, ата болмаса, отағасы отырады. Атаның сол қанатына, жүрек тұсына ұлдары жайғасады. Олардан кейін ана, жұбайы, келіні отырады. Атаның оң қанатында қонақ, қонақтан кейін тұрмыс құрмаған қыз жайғасады. Одан кейін сол үйдің немесе әулеттің тұрмысқа шыққан қыз-күйеу баласы отырады.

  • Асты оң қолмен алып жейді. Нанды бір қолмен үзбейді. Дастархан басында асты шылпылдатпай, төгіп-шашпай жеген дұрыс. Тамақ үстінде жөтеліп, қақырыну, құлақ-бетті шұқылау да үлкен әдепсіздік.

  • Қазақ әйелі кетік кесеге шәй не қымыз құймайды, яғни сынық ыдыспен тамақ ұсынбайды. Ыдыстың кетік жерінен шайтан тамақ ішіп отырады деп сенген. Жыртық, май басқан, ескі дастарханды жаймайды. Себебі, кедейлік шақырады деп ырым еткен.

  • Дастархан әдебіндегі ең үлкен мәдениет – асты бата жасап барып ішу және ас-суды ішіп болған соң, ас қайыру батасын беру.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:38

19:41

19:05

18:50

18:08

17:47

17:40

17:24

15:50

15:40

15:38

15:18

14:48

14:39

14:15

14:11

14:08

14:03

13:46

13:33

13:25

13:13

12:47

12:40

12:31