Жастар - елдің болашағы!

Жастар - елдің болашағы! Сурет: Эрудит.kz

Жас келсе - іске!


Бүгін 12 тамыз - Халықаралық жастар күні. Бұл мейрам - ғаламдық деңгейде тойланатын бірден-бір мереке. Мұны жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жер жерде түрлі іс-шаралар қолға алынады. Осылайша әлем халықтарының жастары бұл күні ерекше шаттық пен берекеде атап өтуді жөн көреді. Осыған байланысты сауалнама әзірлеген болатынбыз.


Жігер АСҚАР, жас ақын:


ЖАСТАР - ОТАНЫМЫЗДЫҢ ТІРЕГІ


Бұл мерекенің берері көп. Айтар ойы орасан зор. Қатардағы жай бір күндердің қатарына жатқыза салуға әсте болмайды. Мұның тарихы ХХ ғасырдан басталады. 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан шамамен екі ай өткен соң бекітілді. Дүниежүзілік жастар күнінің тойлау мезгілі 29 қазан мен 10 қараша аралығында Англия астанасы Лондонда өткен Дүниежүзілік жастар конференциясының аяқталуына ұштастырылды. Міне, осыдан кейін барып конференцияның аяқталған күні маңызды болып есептеледі. Өйткені ең алдымен, бұл күн - өзінің "Империализмге және кертартпалыққа қарсы, бейбітшілік, демократия, ұлттық тәуелсіздік үшін, жастардың саяси, әлеуметтік және экономикалық құқықтары мен қызығушылықтарын қорғауға әртүрлі жастар ұйымдарының бірігуі" атты мақсатын жариялаған Дүниежүзілік демократияшыл жастар федерациясының негізделген күні. Осынау ұйымда Кеңес Үкіметі "КСРО жастар ұйымдарының комитетін" ұсынды. Дүниежүзілік жастар күнін жаппай тойлау ықыласын білдірген дәл ДДЖФ бастамашылдары болатын.


Қарап тұрсаңыз, жастар өмірдің қозғаушы күші іспетті. Қаншама соғыстар мен зұлматты кездерде қан майданға ең әуелі жастар аттанды. Бар жастық ғұмырын майдан даласында жіберген ата-бабаларымыз да болды. Қиын-қыстау заманда үлкендердің ақыл-кеңесін негізге ала отырып, қан кешіп, жан алысып, жан берісті. Бірақ мұқалмады. Жастық жалын кеудені керіп, үнемі алға бағытталумен болды. Жоғарыда біраз деректерді келтірдік. Бір жағынан қарасаңыз, Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемде бейбітшілік жасау бастамасын жастар арқылы көтеруді көздейді. Мұнысы жөн. Себебі кескілескен, қиын оқиғаларға жастарды итере берудің қажеті жоқтығын айтуда.


Бүгінгі таңда өзім де ақын ретінде қаракөздеріміз жайлы бірқанша ойларды келтіріп жүрмін. Әсіресе, лирикалық шығармаларға көбірек қалам тербеймін. Көбіне өздеріңіз білетін «махаббат» тақырыбын айналып өте алмаймыз. Жастық жалын қуаты бойда ойнап, жалындап тұрғанда аталған сезім, жақсы көру дейтіндер мәңгі өз әсерін береді. Кейде сол тақырыптарды жиі көтеріп қаузауды жөн санаймын. Ол - отансүйгіштік. Әркім өзінің кіндік қаны тамған туған ауылын, өлкесін, қаласын жақсы көрсе, онда ол адамнан мықты азамат шықпақ. Жүрген, барған жерлерімізде осыны айтып, патриотизмді насихаттауға тырысамыз. Мұнсыз өмір мәнді болмайды. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» депті данышпан Абай атамыз. Оның әрбір қарасөзінде бүгінгінің жастарына қажетті барлық өсиет айтылған. Құр айтылып қана қоймаған, нақты дәлелдермен бейнеленген.


Осыдан біраз жылдар бұрын философия, жантану сынды кітаптарды оқуға белсене кірістім. Сонда маған ұнаған бірнешеуі болды. Соның негізгісі «Қабуснама» еді. Патшаның өзінің баласына мына өмірден түйген-білгенін өсиет ретінде айтып кеткен ойлары нақ бізге қажетті екен деп көңіл түбіне түйіп қойдым. Жас адамның бойындағы қаситтерді тізіп бер десеңіз, қазақтың «заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген нақылымен жауап қайырар едім. Қазіргі таңда адамға қойылатын талаптар күшейді. Мұны тағдырдан көреміз бе әлде адамнан ба? Ол жағы уақыттың еншісінде. Десе де, ең бастысы, өз Отанын қалтқысыз сүйетін, адал еңбек ете білетін жастар көбейсе деген тілектемін.


Абай ӘНУАРҰЛЫ, ІТ маманы:


БІЛІМДІ ЖАСТАР ӘЛІ ТАЛАЙ ТОП ЖАРАДЫ


ІТ саласының жастарын көбіне компютер басты деп санайды. Олар тек жүйе, бағдарлама жасайды. Кейбірі артық эмоциясы жоқ деп біледі. Негізі олай емес. Ғылым мен технологияны зерттеп, осы жағында жұмыс істеу - менің сүйікті ісім. Сіздерге қытай ойшылы Конфуций айтқан ойларды келтіре кетейін. Ол «өзіңе ыңғайлы жұмыс таңда, сонда сен мәңгі жұмыс жасамаған адамның кейпінде боласың» дейді. Былайша тарқатқанда, дұрыс кәсіппен айналыс, сонда шаршап, шалдығу болмайды дегенді меңзегені ғой. Расында солай. Осы тәмсілді нағыз жастарға арнап айтқандай сезіледі. Бүгіннен өзіңе деген сенімділікті арттырып, болашаққа бағдар құра білсең, құр жүрмегенің. Әйтпесе, бәрінен мақұрым қаласыз. Алдыңызды басы жасайтын мықтылар орайды. Экономиканың тілімен баяндағанда, стартап жобалар жасалып, сіз ашқан жаңалық өзектілігін жоғалтып алуы ғажап емес. Сол себепті бүгінгінің жастарына қойылар талап көп. Уақыт қаншалықты сырғып, тез өтер болса, сіз де соншалықты мобилді болуыңыз шарт. Бұлар осы күнделікті өмірде қайталанып, отыратын шартты заңдылық іспетті болып жатыр. Әсіресе, ғаламтормен жұмыс жасайтын менің әріптестерім жақсы түсінетін шығар.


Қазір бәрі қас-қағымда орын алады. Жастардың бойындағы қуатының күштілігіне кейде қайран қаламын. Қандай жаңалық немесе өзгешелік болса, соны дереу қабылдап алады. Одан қорытынды шығарып, жаңаша бір үлгі жасауға тырысып бағады. Міне, бұл нағыз жастарға тән тірлік деп білемін. Өздеріңіз көріп, біліп жүрген боларсыздар, біртіндеп компютерлік технологияға қарай бет бұрып барамыз. Ол дегеніміз жақсы. Айналамыздың барлығы электронды форматқа ауысуда. Бәрі бір тетікше арқылы жұмыс істемек, яғни бұрынғыдан бір орыннан қағаз арқалап, екінші жерге көшіп жүрудің заманы кетті. Тек оны болашақта тарих беттерінен оқитын шығармыз. Бұл мысалдарды айтуымның себебі мынада. Осы аталған жаңалықтарды ойлап табатындар көбіне жастар. Жаңа күш-жігерін осы бағыттарды дамытуға жұмсайды. Мәселен, Марк Цукерберг Фейсбукты, жас кезінде Билл Гейтс Майкрософтты ойлап тапты. Осындай өнертапқыштар мен бастары жасайтын жастардың тізімін жасай беруге болады.


Меніңше, жастар өте еңбекқор. Олар тек жүріп, уақытты зая кетіруді жөн көрмейді. Білесіз бе, маған бүгінгінің жастарының осы қыры мен қасиеттері жағады. Қос қолдап қолдаймын. Ең бастысы, ерінбеу керек. Қазіргі заман ғылым мен білімнің кезі. Егер аз ғана кідіріп, аялдар болсаңыз, екінші біреу жаңалық ойлап шығарады. Ал сол дүние сіздің ойыңызда жүрген болса ше? Сондықтан барымызды салып, ілгерілей беруіміз қажет. Сонда қазақ жастарының алмайтын асуы, берілмейтін қамалы болмайды. Тағы бір мәрте қайталап өтейін. Ең негізгісі, қажыр мен қайрат бойында бар жас өрен жерде қалмайды.   




Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:57

19:28

18:26

17:34

17:09

17:02

16:13

15:56

15:45

15:40

13:55

13:53

13:53

13:47

13:05

12:40

12:22

12:20

12:18

12:14

12:12

11:51

11:39

11:08

10:53