Жасанды интеллект бизнес көзіне айналады

Жасанды интеллект бизнес көзіне айналады almaty-akshamy.kz

Ертеректе адамдар аспандағы қалықтаған құстарға қарап ұшуды армандады. Ғылым-білімнің қарқынды дамуымен адамзат ұшақ құрастырып, аспанды бағындырды, бұл арманын орындады. Одан кейін арадағы алыс қашықтыққа қарамай хат алмасып, бір-бірін көруді арман етті. Технологиялық жетістіктер мен ғаламтордың арқасында адамдар әлемнің екі шетінде отырып видео, аудио, жазба байланыста отыра алатын мүмкіндікке ие болды, бұл арманына да қол жеткізді. Ал ХХІ ғасырдың басынан бастап адамдар өздерінің өмірлерін жеңілдетіп, барлығын өзі істей алатын роботтар мен жасанды интеллект туралы ойлай бастады. Енді міне, адамзаттың кезекті арманы біздің көзімізше орындалып, күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналып бара жатыр.


Жалпы жасанды интеллектінің феномені көпшілікке соңғы 2 жылда айқын белгілі бола бастағанымен, бұл ғылыми жетістік көп жылдардан бері өмірімізге еніп келеді. Осыдан 26 жыл бұрын IBM корпорациясы құрастырған Deep Blue компьютері сол кездегі шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаровты екі рет жеңіп, жасанды интеллектінің күшін көрсеткен.


Ал қазір адамзатқа ЖИ-дің (жасанды интеллект) шынайы күшін алғашқы болып паш еткен жобалардың бірі – ChatGPT болды. Сұрағаныңа қарай студент болып диплом жазып не тәжірибелі кәсіпкер құсап бизнес-жоба құрастыратын, дерегін берсең көпшілік алдындағы сөзіңе дейін жазып беретін бұл ЖИ туралы бүгінде халық хабардар. Дегенмен, одан бөлек әлдекімдерге жаңа мүмкіндік беріп, әлдекімдердің кәсібін алмастыруға күші жететін өзге нейрожелілер жоқ емес. Олардың қатарында HeyGen Labs жасанды интеллектісін атап өту қажет. Бұл ЖИ соңғы айларда әлемдік танымалдылыққа ие болды. Heygen Labs көмегімен бейнежазбадағы аудио тілін басқа тілдерге автоматты түрде аударуға болады. Мұндай технология бұған дейін де болғаны белгілі. Бірақ бұл нейрондық желінің ерекшелігі – ол бейнежазбадағы адамның дауыс тембрін толықтай сақтайды. Сондай-ақ, өзге тілдегі сөздерге қарай спикердің еріндерін бейімдейді. Яғни айтылған ЖИ арқылы кез келген адамды даусын өзгертпей, әлемнің бар тілінде сөйлетуге болады және ол үшін ешқандай күш салудың қажеті жоқ. Бәрін нейрожелі істеп береді.


Инновациялық жаңалықтардың желі қайда соғатынын алдын ала болжап, біліп отыратын Google компаниясы да өз жасанды интеллектісін дамытып келеді. Google ассистент аталған нейрожелі әйгілі Apple компаниясының Siri мен Яндекстің «Алисасына» ұқсас. Десе де, компанияның бас директоры Сундар Пичаи жаңалықтар көрсетілетін презентациялардың бірінде Google ассистенттің өзге бәсекелестерінен нақты айырмашылығын көрсетті. Айтылған нейрожелі қолданушы тарапынан берілген алдын ала тапсырмаға қарай әртүрлі мекемелерге қоңырау шалып, сол адамның атынан сөйлесе алады. Мысалы, Google презентациясында нейрожелі шаштаразға тікелей қоңырау шалып, нақты бір адамды өз шаштаразына алдын ала жазып қойды. Айта кеткен жөн, әңгіме барысында Google ассистент тек жаттанды сөз айтумен шектелген жоқ. Керісінше, тіркеу бөліміндегі адамның сұрақтарына есті жауап беріп, нейрожеліні қолданушы адамға ыңғайлы уақытты таңдай алды. ЖИ-дің бұл қызметі ChatGPT мен Heygen Labs сынды дәл қазір қолжетімді болмағанымен, жақын уақытта қолданысқа берілуі мүмкін.



Ел аузында жүрген жасанды интеллектілердің қатарында Midjourney мен Musicfy бар. ЖИ-дің біріншісі, жазылған мәтінге қарай сурет жасайтын болса, екінші нейрожелі адамға музыка жазуда көмектеседі. Яғни Musicfy қолданушының вокалын пайдалана отырып, өздігінен ән жаза алады немесе нейрожеліге жүктелген дауыс ырғағын өңдеп, дайын музыка шығарып береді. Ал Midjourney мәтіндегі әрбір нақты сұранысқа қарай түрмедегі АҚШ президентінің суретінен бастап, сұраған адамның фантазиясына қарай кез келген сурет дайындап беруге әзір. Бірақ алғашында тегін болған бұл ЖИ-лерді қолдану қазіргі уақытта ақылы. Осыған қарай алдағы жылдары жасанды интеллект ірі ақша мен бизнес көзіне айналады деген болжам жасай аламыз.



Айтылған нейрожелілер ұялы телефондағы қосымша не компьютердегі бағдарлама ретінде болса, темірге жан бітіретін роботтардың ішінде орнатылған жасанды интеллектілер де қарқынды дамып келеді. Оның жарқын мысалын израильдік Travel компаниясы көрсетті. Израильдік компания Чилидегі Unifrutti компаниясымен бірге жасанды интеллектісі бар робот-платформа арқылы алма жинады. Ұшатын дрондар қозғалмалы платформаға сым арқылы байланысқан, ал бұл құрылымның барлығын ЖИ басқарады. Дрондар жеміс ағаштарының арасынан ұшып, тек піскен алмаларды адамның көмегінсіз жинап шықты. Жоба әзірлеушілері жасанды интеллектісі бар роботтарды фермерліктің болашағы санайды.


 


Түйін:


Биыл 28 наурыз күні Future of life ұйымының сайтында Tesla, SpaceX және Twitter басшысы Илон Маск, Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк және Pinterest негізін қалаушылардың бірі Эван Шарп ЖИ жасаушыларға ашық хат жолдады. Сондай-ақ, құжатқа жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін 1 мыңнан астам сарапшы қол қойды. Ашық хатта қуатты нейрожелілерді дамытуды кем дегенде алты айға тоқтату қажеттілігі туралы айтылған.


«Біз жасанды интеллектті зерттейтін барлық зертханаларды GPT-4-тен қуаттырақ барлық жүйелерді дамытуды кем дегенде алты айға дереу тоқтатуға шақырамыз. Бұл шынайы орындалуы керек», деп атап өтті хат авторлары.


Иә, «адамзатты Марсқа жіберемін» дейтін Илон Маск сынды әлемдегі ең озық компания басшыларының бұлай дабыл қағуы бостан бос болмас. Америкалық Goldman Sachs банкінің дерегінше, нейрожелілерді енгізуге байланысты бүкіл әлем бойынша 300 миллионға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл онсыз да күйбелең күйде тұрған жер шарын одан әрі тоздырары анық. Дегенмен, ата-бабамыз «жақсы сөз жарым ырыс» демекші, нейрожелілер адамзатқа игілік алып келер деп сенеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:42

13:05

12:58

12:58

12:57

12:43

12:30

12:16

12:05

11:59

11:50

11:19

10:53

09:50

09:35

09:20

09:05

08:45

08:35

08:20

08:10

21:01

20:48

20:38

19:05