Ел экономикасын көтеру – елдік мұратымыз

Ел экономикасын көтеру – елдік мұратымыз almaty-akshamy.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты республика халқына арнаған кезекті Жолдауында қазіргі таңдағы әлемді шарпыған күрделі геосаяси ахуал мен жаһандық экономика жағдайына шолу жасай отырып, осындай алмағайып кезеңде еліміздің қатардан қалмай өз орнын табуы мен тұрақты дамуы жағдайындағы «Жаңа экономикалық» үлгі моделіне көшу қадамдарымыздың басты бағыттарын атап көрсетті.


Еліміздегі жүргізіп жатқан саяси реформаны одан әрі әлеуметтік-экономикалық реформамен ұштастыру қажеттілігін басты міндет етіп қойған Мемлекет басшысы ел экономикасындағы «мұнай-газ, көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару» салалары бойынша шикізаттық бағыттан өңдеуші, өңделген өнім шығарушы елге айналу басымдықтарына тоқталды. Дүниежүзілік сауда ұйымының есептеріне сүйене отырып, экономикалық саладағы ішкі нарықты қорғау деңгейіміздің төмендігін алға тартқан Мемлекет басшысы сауда-саттық саясатымызда ішкі нарықты қорғау жолында жаңа іс-әрекеттер мен отандық бизнестің мүддесін қорғау қажеттігіне басымдық беру керектігіне тоқталып өтті.


Елімізде қордаланған мәселелер жеткілікті. Соның бірі деп айтсақ болады, ол – еліміздің экологиялық жағдайы. Отандық және шетелдік өнім өндіруші кәсіпорындардың басым бөлігі шикізат көзін игерумен айналысады. Және олардың табиғат байлықтарын «жыртқыш» секілді қоршаған ортаға аса зор зиянын тигізіп өндіруі табиғатқа да, сол аймақты мекендеуші халқымыздың денсаулығына да үлкен зиянын тигізіп отырғанын орынды көрсеткен Мемлекет басшысы «ірі өндіріс кәсіпорындарына 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек» деп міндеттеді. Бұл экологиялық талаптарды сақтамай, білгенін жасап жатқан өндіріс орындарының алдына қойылған өте орынды талап деп есептейміз.


Мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында қарулы күштеріміздің айрықша орын алатыны белгілі. Осы уақытқа дейін әскери техника саламыздың тоқсан пайызға жуығы Ресей әскери техникаларымен жабдықталып келгені тағы да белгілі жағдай. Қазіргі таңда әлем назарын аударып отырған Ресей мен Украина арасындағы соғыста, Ресей әскери техникасының әлеуеті байқалып қалды. «Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс – өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Осы орайда, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет. Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс» деп атап көрсетіп, әскери қарулы күштерімізді түбегейлі реформалау, әлемнің озық елдерінде бар заманауи қару-жарақтармен қамтамасыз ету кезек күттірмей атқарылуға тиіс шаралар екендігіне айрықша тоқталды.


Республикамыз шикізат көзіне бай болумен қатар, агроөнеркәсіп өндірісінде алатын қуаты да қомақты. Аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын елімізде агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамыта білсек, әлемде ауыл шаруашылығы дамыған ел ретінде жүз миллионнан астам халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Осы орайда, Мемлекет басшысы алдағы «үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу» міндетін алдымызға қойып отыр. Әрине, ол үшін табиғат жағдайының қолайлылығына, жердің құнарлығына ғана қарап отырмай, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды, инновациялық озық әдіс-тәсілдерді және ғылым күшін пайдалана отырып, жету мүмкіндіктеріне баса назар аудару қажеттелігін атап өтті.



Мемлекет басшысының Жолдауында ерекше маңыз берілген ауқымды шаралардың бірі – энергетика саласы. Тәуелсіздігіміздің таңы атқан уақыттың 30 жылдан асқанына қарамастан тура осы энергетика саласында алдымызда тұрған және қордаланған мәселелерді түбегейлі шеше алмай келеміз. Энергетика саласындағы тозығы жеткен жылу электр станциялары, тоқ көздерін өндіру, жеткізу салаларындағы күрделі мәселелер алдымыздан шыға бастады. Қыстың көзі қырауда Екібастұз халқының басынан өткерген қиыншылықты бүкіл республика халқы ұмытпаған болар. Міне, сондықтан да энергетика саласын мемлекеттік қауіпсіздік мәселесімен теңестірген Мемлекет басшысы энергия көздерін көршілес елдерден алуды барынша азайтып, оларға тәуелділікті болдырмау шараларын атқаруды алдымызға қойып, оның шешімді жолдарын айқындап берді. Еліміздегі «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» секілді мұнай-газ саласындағы алпауыттарға газды халыққа қолжетімді бағамен ұсынуды міндеттей отырып, халықты газбен қамтамасыз ету мәселесін де қалыс қалдырған жоқ.



Қазіргі таңда республика халқын алаңдатып отырған елімізде атом электр станциясын салу мәселесінде: «Атом энергетикасын дамыту аса маңызды  экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар», – деген Мемлекет басшысы ядролық жарылыстардан зардап шеккен халқымыздың алаңдаушылығына да түсінікпен қарап, бұл еліміз үшін аса стратегиялық мәселені шешуді халықтың еншісіне қалдырды. Осы мәселе алдағы уақытта жалпыхалықтық референдумда шешіледі. Халық өз көзқарасын білдіре жатар.  Еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – су ресурсы, оны тиімді пайдаланудың жолдары да Мемлекет басшысының Жолдауында өзекті мәселелердің бірі ретінде қарастырылды. Жалпы, республикамызға келетін негізгі өзендердің бастауы көрші мемлекеттерде жатыр. Онымен қоса, табиғат жағдайы, ауа райының күрт ысуы, таудың басындағы мұздақтардың азайуы жылдан-жылға қиыншылықтар туғызуда. Жақында ғана көрші Қырғызстан мемлекетінен келетін су көздерінің тоқтауына байланысты Жамбыл облысының диқандары қаншама шығынға батты десеңізші! Бұл қиыншылықтан шығар жол қандай? Суды үнемдеп пайдалану, ысырапқа жол бермеу, су көздерін пайдалануда озық технологияны енгізу және қолда бар ішкі мүмкіндіктерді пайдалану сынды аса маңызды міндеттерді іске асыруды міндеттеген Мемлекет басшысы «Су ресурстары және ирригация министрлігі» құрылатынын жеткізді. Бұл да бүгінгі күнгі ұтымды шешімдердің бірі деп есептейміз.


Дүние жүзіне әйгілі ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби бабамыз айтқандай: «Мемлекеттің болашағын көргің келсе, бүгінгі күнгі жастардың жағдайына қара» қағидатын басшылыққа алған Мемлекет басшысы: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет», – деумен еліміздегі саналы, еңбекқор, білімді, мемлекетшіл жастарымызға үлкен үміт артты. Түптеп келгенде, қазақ елі баршамыздың Отанымыз. Оның гүлденуі жолында тер төге еңбек ету, атадан қалған қасиетті жерімізді қорғау баршамыздың борышымыз деп білемін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:38

19:41

19:05

18:50

18:08

17:47

17:40

17:24

15:50

15:40

15:38

15:18

14:48

14:39

14:15

14:11

14:08

14:03

13:46

13:33

13:25

13:13

12:47

12:40

12:31