Дизайн-код – өткенге құрмет, болашаққа бағдар

Дизайн-код – өткенге құрмет, болашаққа бағдар Сурет: Almaty-akshamy.kz

Мегаполистің тарихи келбетін сақтау маңызды екені талас тудырмайды. Бұл тараптағы жұмыстардың бір парасы бүгінде шаһардағы жарнамаларға қатысты. Осы шара аясында енді қаланың дизайн-кодына сәйкес келмейтін түрлі билбордтар, баннерлер мен маңдайшалар алынып тасталмақ.


Жалпы, сыртқы көрнекі жарнамалардың қала көркіне көп жағдайда нұқсан келтіретінін көзіқарақты қауым бізде жиі сынға алады. Айтса-айтқандай, сән салондары, дүкендер, басқа да түрлі қызмет көрсету нысандары ғимараттарына ілінген маңдайшалардағы қате жазулар қаланың кез келген тұсында кездеседі. Тіл мамандары айтудай айтып, жазудай жазғанымен, оған құлақ асып жатқандар шамалы.


Тіпті қайсыбір жылы жарнама туралы заңға көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгертулер мен түзетулер енгізілгені мәлім. Онда тілге қойылатын талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынатыны, сондай-ақ, оған жол берген компания әкімшілік жауапкершіліктен бөлек, тұтынушылар алдында заңдық жауапкершілікке тартылатыны да атап көрсетілді. Бірақ сыртқы жарнамадағы сауатсыздық, мағынасыздық, аудармадағы олқылық үшін әлдекім жазаға тартылыпты дегенді естімегеніміз тағы рас. Соның салдарынан қазақ тілінде қате жазылған маңдайшалардан, баннерлердегі сауатсыз тіркестерден әлі арыла алмай келеміз.



Жарнамалардың орналасу реті де ойландырады. Мысалы, әр көше, әр бұрылыс сайын менмұндалап тұратын билбордтар, плакаттар көлік жүргізушінің назарын бұрғызып, алаңдатпай қоймайды. Орналастырар кезде осы жағын да, яғни оның жұртты ығыр қылмайтындай, әлденеге еліктірмейтіндей, шатастырмайтындай болуын ескерген абзал. Мысалы, осыдан бірталай жыл бұрын Абай мен Абылайхан көшелерінің қиылысындағы Ұлттық кітапхана төбесінде «Қазақстан теміржолы» деген үлкен жарнама көп уақыт бойы тұрғаны есімізде. Сол тұста сырттан келген, қаланы білмейтін талай адам оны кітапхана емес, вокзал деп ойлап кеткен де шығар, бәлкім. Сол сияқты, төбесі көк тіреген көпқабатты үйлердің кейбірінің ұшар басында әлдебір банктердің, құрылыс фирмаларының аттары жүгіртпе жолмен беріліп тұратынын қазір де байқап қаламыз. Оның қаншалықты орынды-орынсыз екені ойландырады.             



Алматының былтыр жыл соңында қабылданып, биылғы наурызда күшіне енген дизайн-кодына сәйкес, кез келген сыртқы ақпарат ғимараттың архитектурасын қабылдаудың тұтастығын бұзбауы керек, ал ғимараттардың бірінші қабаттарының түстері мен әрлеу материалдары қасбеттердің архитектуралық стиліне сәйкес келуге тиіс.



Қала құрылысы және урбанистика басқармасының мәліметінше, бүгінде  меншік иелеріне заңсыз жарнаманы бөлшектеу туралы хабарлама берілгені белгілі болды. «Бұл процесс қалалық ортаның эстетикасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар қала көшелеріндегі визуалды дыбысты азайтуға арналған. Жұртшылықпен және кәсіпкерлермен бірлесе отырып, біз қаламыздың жаңа келбетін жасаймыз», – дейді тиісті мекеме мамандары.



Айта кетерлігі, аталған дизайн-код екі мақсатты, яғни, біріншіден, қаланың бірегей тарихи келбетін сақтауды, екіншіден, әлемдік тенденцияларға сай болашақ мегаполис бейнесін қалыптастыруды көздейді. Дизайн-кодты алдағы 1,5 жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған, ал оған құлақ аспаған кәсіпкерлер айыппұл арқалайтын болады.


Негізі, қаланың тарихи келбеті дегеннен шығатын бір әңгіме бар.  Мысалы, Алматыда көнеден келе жатқан, сәулеті өзгеше ғимараттар,  бөренелі үйлер аз емес. Сыртынан қарап тұрып сүйсінесің, өткен дәуірдің демін сезінгендей боласың. Сонымен бірге қараусыз, күтімсіз күйде кетеуі кетіп бара жатқанына қынжыласың. Шындығында, олар да қаланың тереңде жатқан тарихының бір бөлшегі, көрінісі ғой.


Дегенде, Ресейде тарихи ғимараттарды шағын бизнес өкілдерінің жеке меншігіне берілуін қарастыратын заң бар көрінеді. Сатып алған адам тарихи ғимараттың сақталуына жауапты болады, реконструкция жасайды, бірақ сыртқы бейнесін, ұстынын өзгертпейді. Сол сияқты, әлем елдерінде, мысалы, Францияда, Италияда елдің мақтанышы болып саналатын сарайлар мен қорғандар жеке тұлғалардың немесе компаниялардың иелігіне беріледі деседі. Және бұл сол әулеттің немесе фирманың абыройын асқақтатын, имиджіне жағымды әсер ететін жайт ретінде қабылданады екен. Тарихи ғимараттарға қатысты неге бізге де осы тәжірибені қарастырып көрмеске?!



... Деп ойлайсың. Бірақ ол үшін де жұртта соған сай мәдениет, өткенге құрмет деген түсінік қалыптасуы керек шығар. Кезінде қаладағы талай тарихи нысан сүріліп кетті. Сән-сәулеті бөлек, өзінше тартымды «Октябрь», «Байқоңыр», «Алатау» кинотеатрларының, аңызға айналған «Саяхат» автобекетінің ізі де қалмады. Реконструкцияға жабылып, қайта ашылғанда стриптиз-клубқа айналып шыға келген «Қазақстан» кинотеатры да тарихи мән-маңызын жоғалтты. Жеке инвесторлар сатып алған «Шұғыла», «Целинный» кинотеатрларының алдағы кескін-келбеті қандай болары, қай мақсатта пайдаланылары да белгісіз.



Жарайды, өткенге – салауат дерміз. Бүгінгі әңгіме бөлек. Дегенмен күндердің күнінде осы кепті тағы киіп, осы өкініш тағы қайталанып жатпаса болғаны.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:01

20:38

19:41

19:05

18:50

18:08

17:47

17:40

17:24

15:50

15:40

15:38

15:18

14:48

14:39

14:15

14:11

14:08

14:03

13:46

13:33

13:25

13:13

12:47

12:40