Берлин белін бекем буды

Берлин белін бекем буды bangkokbook.ru

    Аймақтағы державалар бәсекесі қыза түсуде


    Ертең, 29 қыркүйекте Орта Азия елдерінің президенттері Берлинде Германия канцлері Олаф Шольцпен бас қосады. Германия мен аймақ елдерінің ынтымағын дамытуға бағытталған жиын федералдық канцлерінің шақыруымен өткелі тұр. Сонымен, бұл – Еуропалық Одаққа мүше елдің Орта Азия басшыларымен мұндай форматта алғашқы басқосуы.  Бұл жиын аймаққа ықпал еткісі келетін тағы бір ойыншыны ресми түрде сахнаға шығармақ. ЕО елдері арасынан Германия аймақпен қарым-қатынасты дамытуға белсенділік көрсетіп отыр. 


    Сөздің турасын айтқанда, Орта Азияға ықпал етуге деген ірі державалар арасындағы бәсеке қызып тұр. Жыл басынан бері әлемдегі ең негізгі күш орталықтары түгелге жуық біздің аймақпен диалогқа шығуға талпынды. Ресей о бастан аймаққа ықпал етуші сыртқы күш саналатын болса, мамыр айында Қытай басшсы Ши Жінпің (Си Цзиньпин) бес ел президентін Сиань қаласына шақырып, қызыл кілем үстінде күтіп алды; бір айдан кейін Еуропалық кеңес төрағасы Қырғызстанның Чолпан-Ата қаласына келіп, аймақ елдерінің президенттерімен кеңесіп қайтты; қыркүйектің орта шенінде АҚШ президенті ортазиялық әріптестерімен алғаш рет 5+1 форматында кездесті. Содан 10 күн өтпей жатып канцлер Шольц Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан президенттерін Берлинде күтіп алғалы отыр.


     


    Берлиндегі түскі асқа не дайындалады?


    Германия тарапы аймақтағы мүддесін бекемдей түсу үшін кезекті кездесуге баса мән беруде. Аймақ басшыларымен кездесудің форматын да біршама еркін ете түскен. Түскі ас үстінде алты тараптың басшылары өздеріне ортақ бірқатар мәселелерде диалог өткізбек. Түскі астың, яки басқосудың негізгі мақсаты аймақ пен Германияның экономикалық ынтымағын дамыту. Сөз-лебіздер де осыған бағытталады. Арасында аймақтың ішкі экономикалық байланыстары да сөз етілмек. Әрине, Орта Азия мен Германия үшін бірдей маңызды болатын байланыс мәселелерін де қоса талқылайды.


    Кездесудің негізгі тақырыбы жайында тараптар алдын ала ресми мәлімдемелер жасаған болатын. Айталық, Германия Федерациялық үкіметінің баспасөз хатшысы Штеффен Хебестрейт кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтасу мәселесі де сөз болатынын жеткізген еді. «Келіссөздер екіжақты қарым-қатынастар, экономикалық мәселелер және энергетикалық саясат саласындағы ынтымақтастық сияқты көптеген тақырыптарды қамтуы мүмкін», – деген болатын Хебестрейт сөзінде.


    Берлинде канцлер Шольцтан бөлек, президент Франк-Вальтер Штайнмайер де Орта Азиядан барған әріптестерімен кездесу өткізбек. Естеріңізде болса, президент Штайнмайер Қазақстанға сапары кезінде де екіжақты және көпжақты мәселелер бойынша пікір алмасып қайтқан болатын.


    Әуелгі екіжақты кездесу Қазақстан президентімен өтеді


    Германия жоғары лауазымдылары еліне барған Орта Азия басшыларымен тек көпжақты ортақ кездесулермен шектеліп қалмайды. Шольцпен өтетін 5+1 форматындағы жиынның алды-артында аймақтағы бес елдің президенттерімен жекелеген кездесу де болады. Канцлер Шольц Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен саммиттен бір күн бұрын, яғни бүгін, 28 қыркүйек күні кездескелі отыр. Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан президенттерімен екіжақты келіссөз отырыстары саммиттен кейін, 29 қыркүйекке жоспарланған.



    Білесіздер, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев пен канцлер Шольц бірлескен баспасөз жиынын өткізген еді. Қазақстанмен энергетика саласында және өзге де бірқатар маңызды салаларда екіжақты тиімді қарым-қатынасты дамыта түсуге ниетті екенін білдірген. Астана мен Берлин қарым-қатынасы биыл тың қарқынға ие болды. Оның да өзіндік себебі айқын. Түптеп келгенде, бір ғана Германия емес, жалпы Еуропалық Одақтың аймаққа болған қызығушылығы бұрынғыдан арта түсті. Бұны төменгіше тарқатып кетуге болады.



    Инвестициялық  тәуелділіктен шығаруды көздейді


    Анығын айтқанда, Германия табиғи ресурстарға бай аймақпен ынтымаған дамытуға зәру. Әсіресе, энергия саласында аймақтың рөлі айрықша көріне түсті. Оның себебі айтпаса да түсінікті, Украинадағы жағдайдан кейін әлемдегі ірі нарық әрі тұтынушылық деңгейі жоғары Еуропа энергия саласында Ресейге тәуелділігін қысқартып келеді. Бірақ бұған дейін Еуроаймақтың басым көп қажетін өтеп келген ресейлік энергия экспортының орнын толтыру оңай болып жатқан жоқ. Көптеген сарапшылар Еуропа үшін биылғы қыс былтырғыдан да қатты сынақтармен келеді деп болжайды. Былтыр Ресей газының орнына толтырған қоры биылды қамтамасыз етуге толық жетпейді. Оның үстіне алдағы жылдары газ қорын тіпті де көбірек толтырып отыруға тиіс. Оның үстіне шығыстан Қытай да аймаққа белсенді ұмтылыс жасап жатқан тұста ЕО-ның үнсіз қалуы мүмкін емес. 2022 жылдың ақпанынан бері Еуропа Кеңесінің төрағасы Шарль Мишель Орта Азияға екі рет келіп кетті. Біздің аймақтағы Еуропалық одақ мүддесін осы қырынан қарастыруға болады.



    Ал Германияның жеке мүддесі де осыған жақын. Шын мәнінде, Германияның Орта Азия елдерімен ынтымақтасуды қолға алуы ЕО-ның мүддесін тіпті де бекемдей түсуге жасалған қадам. Өзінің энергетика саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудың сыртында, Берлиннің белін бекем буған тағы бір міндеті бар. Ол болса, Орталық Азияны Ресей мен Қытай инвестицияларына тәуелділіктен шығаруды көздейді. Бұның қатарында сауда тәуелділігін төмендету мәселесі де жатыр. Міне, осының бәрі ірі ойыншылардың аймақтағы бәсекесі аса жоғары деңгейде екенін байқатады.



     



    Сіздің реакцияңыз?
    Ұнату
    0
    Ұнамайды
    0
    Күлкілі
    0
    Шектен шыққан
    0
    Соңғы жаңалықтар

    20:23

    19:14

    18:01

    17:23

    16:37

    16:22

    16:00

    14:53

    14:44

    11:23

    10:39

    10:21

    19:11

    18:10

    17:15

    17:05

    16:15

    13:31

    12:17

    11:50

    11:45

    10:48

    10:29

    09:52

    09:37