Күздің басы жаздағыдай ыстық болады

Күздің басы жаздағыдай ыстық болады
Сурет: Narodna-pravda.ua

Күздің бұлай басталуына Жерорта теңізі мен Иран аумағынан жылы ауа массасының шығуы себеп болады.

Қазақстан аумағының басым бөлігінде күздің алғашқы айы жаз мезгіліндей ыстық және құрғақ ауа райымен басталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Тек еліміздің солтүстік-батысында ғана өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді, жекелеген аудандарда екпінді жел тұрады.

Республиканың оңтүстік жартысында күндізгі уақытта термометр бағаны +35+40°С қөрсетеді, солтүстік жартысында +28 +35°С жетеді.

Бірақ бірінші онкүндіктің ортасында Ресейдің Еуропалық аумағының аудандарынан суық антициклонның енуіне және биіктік жыраның орын ауыстыруына байланысты алдымен батыс өңірлерде, содан кейін солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта, ал онкүндіктің соңында елдің шығысы мен оңтүстігінде ауа райы құбылады деп болжанып отыр: жаңбыр жауады, найзағай, бұршақ жауажы, желдің екпіні 15-28 м/с дейін жетеді.

Айдың бірінші онкүндігінің екінші жартысында ауа температурасы батыста, солтүстікте, солтүстік-батыста, орталықта және шығыста түнде +3+12°С-қа дейін, күндіз +10+20°С-қа дейін төмендейді. Солтүстік аймақтарда түнгі уақытта топырақ бетінде 2°С-қа дейін үсік жүруі мүмкін.

Еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында қыркүйектің бірінші онкүндігінің соңында және екінші онкүндігінің басында ауа температурасы төмендейді: түнде +10+17°С дейін, күндіз +23+28°С дейін.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы түнде +5+13°С-тан +1+6°С-қа дейін, күндіз +20+28°С-тан +10+15°С-қа дейін ауытқиды, кей күндері түнгі және таңертеңгі сағаттарда 2°С-қа дейін үсік жүреді деп болжанып отыр.

Оңтүстік өңірлерде температура айдың екінші жартысында түнде +15+23°С-тан +3+10°С-қа дейін, таулы аудандарда 1°С дейін, күндіз +28+33°С-тан +18+23°С-қа дейін төмендейді.