Құтқарушылар Алматы тұрғындары мен қонақтарын тауға шықпауға шақырады

Құтқарушылар Алматы тұрғындары мен қонақтарын тауға шықпауға шақырады
Сурет: Egemen.kz

Себебі күннің жылынуына байланысты тауда қар көшкіні қаупі сақталады.

Осыған орай құтқарушылар ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде жауын-шашынның көп мөлшерде түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыз жағдайына байланысты 28-29 сәуір аралығында қар көшкіні қаупі сақталады», – деп хабарлады қалалық төтенше жағдайлар департаментінен.

Құтқарушылар қала тұрғындары мен қонақтарынан тауға саяхаттауды кейінге шегере тұруды сұрайды.

Еске салайық, 13 сәуір күні Молодежный шыңында көшкін жүріп, екі адам қар астында қалды. Кейін құтқарушылар қардың астында қалған адамдардың біреуін аман-есен шығарып алды. Сол күні кешке қарай қар астынан екінші туристің денесі табылды.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қар көшкінінің астында қалған екі адам - Франция елінің азаматтары.