Құс етіне су қосып сататындар айыппұл арқалайды

Құс етіне су қосып сататындар айыппұл арқалайды
Сурет: Paryz.kz

Елімізде құс етін мұздатқанда су қосуға қатаң тыйым салынды.

Жаңа ереже қолданысқа енді. Бұл туралы Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Мұздатылған етті еріту кезінде одан бөлінетін судың белгілі нормасы бар. Ол 4%-дан аспауы керек. Сонымен қатар өңделген құс етіне фосфат пен тағам дәмін күшейткіш ағзаға зиянды заттарды қосуға қатаң тыйым салынған. Ережеге бағынбағандарға 600 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл біздің ғана емес, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей елдері қолданатын бірыңғай стандарт, - дейді комитет төрағасы.

«Тұтынушылар дүкеннен мұз қатқан құс етін сатып алып, оны ерітеді. Кейде еттің жартысы сумен толтырылғаны белгілі болып жатады. Бұдан былай кәсіпкерлерге қатаң тыйым салынатын болады. Тіпті мерзімі өткен құс етіне тамақ дәмін күшейтетін консерванттарды қосатындар да бар. Бірақ, жаңа ережеге сәйкес, енді мұндай жағдай орын алмауы тиіс. Әйтпесе, айыппұл салынатын болады», - дейді ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.