Құрманғазы Сағырбайұлы туралы мультсериал жарыққа шығады

Құрманғазы Сағырбайұлы туралы мультсериал жарыққа шығады
Сурет: Inform.kz

Биыл шілдеде дәулескер күйші, композитор Құрманғазы Сағырбайұлы туралы мультфильм жарық көрмек.

Аталған туындыны дайындап жатқан мамандар арасында қазіргі таңда жастарға аниме стиліндегі суреттерімен танымал Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің студенті Аружан Ұнарбекова да бар.

Аружан Ұнарбекова Еуразия ұлттық университетіндегі сәулет-құрылыс факультетінің 5 курсында оқиды. Ол оқудан бос уақытында түрлі кейіпкерлердің суретін аниме стилінде салумен айналысады. Оның ел Президентінің бейнесін аталған стильде салуы, сондай-ақ қазақ халқының көрнекті тарихи тұлғаларын суреттеген жұмыстары жастар арасында аса танымал. Бүгінде ол сурет салумен қатар, мультфильм жасау ісіне де ден қойған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Қазір «Тасқын» анимациялық студиясында жұмыс істеймін. Біздің жобамызды мультсериал деп атаса да болады. Жалпы, мультсериалымыз қазақ халқының атақты күйшілері, олардың өмірбаяны және шығармашылық жолы туралы баяндайды. Әр маусымда жаңа күйшілер туралы айтылады. Туындының негізгі ерекшеліктері - эпизодтың ішіндегі көрсетілетін шағын әнгімелердің барлығы шынайы күйлердің тарихына негізделген», - деді Аружан.

Құрманғазы туралы мультфильм 13 сериядан тұрады. Аружан Ұнарбекованың сөзінше, туындыдағы басты кейіпкердің образы бірнеше айға созылған іріктеуден кейін таңдалған.

«Мультфильмдегі кейіпкерлердің қозғалыс анимациясы аса қиын болмағандықтан, біз олардың суретін детальді көрсетіп, реализим тәсілін қолданып жатырмыз. Құрманғазының туындыдағы образы бірнеше ай бойы таңдалды. Басты кейіпкерлерді жасаған суретшілер Құрманғазының референстерін жинап, үлгілердің ішінен ең қолайлысын таңдап алды. Эпизодтардың ұзақтығы әртүрлі. Мәселен, бір эпизод 20 минуттан асса, сонғылары 15-10 минутпен шектеледі. 2023 жылдың шілдесіне дейін мультфильмнің бірінші маусымы бойынша жұмыстар аяқталып, көрерменге жол тартады», - деп тоқталды жас суретші.

Сонымен қоса, Аружан Ұнарбекова өзге де жобалар бойынша жұмыс жасап жатқанын атап өтті.

«Көптеген қызықты жобаларды шығару жоспарлануда. Қысқаметражды фильмдер мен «Дала Шарқауы» мультсериалының екінші сезонынан басқа, толықметражды көркемфильмдердің сюжеттері дайындалуда», - деп жоспарларымен бөлісті ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚазАқпарат редакциясы Аружанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнесін аниме стилінде салған суреттері туралы жазған еді.