Құрылысшыларға – құрмет!

Құрылысшыларға – құрмет!
Сурет: astromeridian.ru

14 ТАМЫЗ – ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІ

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев құрылыс саласының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Алматықаласының әкімі құттықтау сөзінде құрылыс саласы қала экономикасының негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өтті. Бүгінде құрылыс саласында 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жыл сайын қалада орта есеппен 1,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандар салынуда.

«Сіздердің жұмыстарыңыз бүкіл қаланың кешенді және сапалы дамуы үшін өте маңызды. Біздің тұрғындардың өмір сүру сапасы мен жайлылығы осы саладағы жұмыстың нәтижелеріне тікелей байланысты», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.

Салтанатты шара барысында шаһар басшысы құрылыс саласы өкілдерінің жоғары кәсібилігіне алғысын білдіріп, көп жылғы еңбегі мен ерен жетістіктері үшін оларды Алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік шара құрылысшылар арасындағы спартакиадаға ұласты.

Мұхит ӘЗІРБАЕВ,  Алматы қаласы әкімінің орынбасары

Отандық құрылыс мамандарының мүмкіндігі жоғары

Құрылысшылар күні айрықша мейрам. Өздеріңіз білетіндей, құрылыс елдің игілігіне істеледі. Мұның өз ішінде қаншама жандар елге қызмет етіп жүр. Нақтырақ айтқанда, тек қана құрылысшылармен қатар, архитектор, жобалаушы, құрылыс өнімдерін шығарушы, т.б. мамандар атап өтеді. Бұл салада жұмыс атқарушылардың қалаға істеп жатқан істері баршылық. Өз тарапымыздан да қаламызды дамытып, жарқыратып, әрбір нысанға өң беруге атсалысып келеміз. Мұның барлығы тұрғындар мен сырттан келетін қонақтардың игілігі үшін жасалуда. Әрине, осындай шаруалардың барлығы құрылысқа тікелей қатысты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде отандық құрылыс мамандарының мүмкіндігі жоғары. Алдағы уақытта атқарылатын нақты істер жетерлік. Ойлаған шаруаларымыздың бәрі жүзеге асады деп сенеміз.

Біздің қаламыз «сервистік қала» екенін білесіздер. Әуелі қызмет көрсету дегеніміз азаматтарды баспанамен қамту дегенді білдіреді. Әрине, индустриалды құрылыс алаңдары да бар. Оның бір парасы Алатау ауданында бой көтерді. Сонымен бірге, бұл бағыт бойынша шағын және орта кәсіпке де көңіл бөлінген. Оның нышанын мейрамханалар, тамақтану орындары, сауда- саттық орталықтарынан байқай аласыздар. Өткен жылғымен салыстырғанда, әлеуметтік нысандардың салыну қарқыны белсендірек.

Жуырда «Дизайн код» деген бағдарлама қабылданады. Сол бойынша қаланың келбетін әрлеуді жобалаудамыз. Яғни қазақи ұлттық нақыштардағы дүниелер, заманауи стилдер – бәрі- бәрі қамтылады. Өздеріңіз байқағандай, жарнамаларды біреулер жоғары, ендігісі мүлдем төменірек іліп қойған. Сонымен қоса, ағаш отырғызу, жолдың жайы қаралатын болады. Осының баршасын осы жоба аясында іске асыруды жоспарлаудамыз. Оның ішінде жоғарыда айтқанымдай, құндылықтарымызды көрсететін ою-өрнек, басқасы да кірігеді деген ойдамыз.

Құрылыс саласына келетін жастарға айтар ақыл-кеңесіміз біреу ғана. Ең бастысы, оқу керек. Жақсы білім алса, тәуір маман ретінде жұмысқа орналасады. Мүмкіндік болса, шетелдік тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе, өзіміздің елде де біліктілікті арттыруға бар жағдай жасалған. Өзіміздің архитектор, құрылыс саласының майталмандары бар, сол кісілердің тәжірибесіне сүйеніп, қажетті дүниені үйреніп алуларына да болады. Қазіргі таңда құрылыс саласында көптеген жастар еңбек етіп жүр. Қаракөздерімізді білім алып, табысты іс атқаруға шақырамыз. Бойында қабілет-қарымы бар жан жерде қалмайды дегіміз келеді. Ең бастысы, еңбек етуден аянбау керек. Содан кейін өмірлік жинаған тәжірибесі өздеріне қажет болады. Соның арқасында үлкен-үлкен жұмыстарды атқарады.

Жалпы, соңғы екі жылдағы ахуал өздеріңізге мәлім. Мұндай ауқымды шара өткізіп, мейрамды атап өтуге мүмкіншілік келмеді. Пандемия ойға алған істерге тежеу болды. Дегенмен, биылғы жыл ерекше. Соның арқасында өздеріңіз көріп отырғандай, ашық алаңда мейрамды 1 аптадан бері атап өтіп келеміз. Біз «Үздік құрылысшы» байқауын жариялаған едік. Дәлірек айтқанда, «Үздік маляр», «Үздік дәнекерлеуші», «Үздік арматуршы», т.б. деп жіктедік. Мұның бәрі ынталандыруға жатады. Сонымен қатар, әртүрлі спорттық шаралар – жүгіру, футбол жарыстарын қоса ұйымдастырдық. Өзімізше, спартакиада деп атау бердік. Олар жеке-жеке команда, әрқайсысынан сайыскерлер шығып, жеңіл атлетикадан 100 метр қашықтыққа жүгіріп те жарысты. Арасынан жеңімпаздар да анықталды. Дарабоздарға жүлделер берілді.

Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

 

Бейбіт ШАХАНОВ,  Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы

Адал кәсіп

 

Ең алдымен, атаулы мейраммен құттықтаймыз. Құрылысшы деген адал мамандық деп білеміз. Бұл дегеніміз, халықтың игілігіне жасалып жатқан іс. Қаншама мыңдаған жұртқа үй-жай салып жатыр. Қаланың ішінде 40-тан астам әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Сонымен бірге, 7500 оқушыға арналған жаңа мектеп салынады. Бұлардың барлығы заманауи негізге бағытталған. Оның ішінде қалаға енді қосылған, жаңадан бой түзеген елдімекендерге баса назар аударылады. Бүгінгі таңдағы құрылысшылардың істеп жатқан істеріне оң көзқараспен қараймыз.

Құрылыс саласы еліміздің дамуына да өз септігін тигізуде. Нақтырақ жеткізгенде, экономикадағы үлес-салмағы 60%-ға жетті. Әр құрылыстың маңында шамамен 5-6 жұмыс орны құрылады. Мұның нәтижесінде құрылысқа қажетті заттар шығарыла бастайды. Сол материалдар отандық өндірістің қарқынын үдетеді. Дөп басып айтқанда, өзіміздің кәсіпкерлердің ісі алға өрлейді дегенді аңдатады.

Біздің негізгі талап, ол – отандық өнімге сұранысты арттыру. Сол себепті де, осы бағытта жұмыс атқарып келеміз. Яки, сырттан әкеліп емес, өзіміздің елде өндірген өнімдерді пайдалануға баса назар аударамыз. Бұған сұраныс күннен-күнге артуда. Әлгінде айтқанымдай, осынау отандық өндірістерге қолдау көрсетудің арқасында іс ілгері басуда.

Үйдің құнына байланысты ойыммен бөлісуді жөн санаймын. Әлемде құрылыс материалдарының бағасы өсуде. Жалпы, барлық нәрседе өсу байқалады. Алайда, мұндай жағдаяттарға қарамастан, мемлекет тарапынан жыл сайынғы қолдау күшейіп жатыр. Қазақстанда тұрғын үй құрылысы бұрын тарихта болмаған дәрежеге көтерілді. Әсіресе, ірі мегаполистерде, Алматының өзінде жердің тығыздығы, халық санының артуын ескерудеміз. Сол үшін қосымша жеке кәсіпкерлермен уағдаластық орнатып, аталған мәселелерге көңіл бөлудеміз. Оның сыртында бағасы мен сапасы назарда тұр. Мұның барлығы халықтың қамы үшін жасалуда демекпін.

 

Ерболат ЕСКЕНДІРОВ,  Exclusive qurylys компаниясының бөлімше басшысы

Экономика локомотиві

Құрылысшылар мейрамы қарсаңында көңіл күй көтеріңкі. Себебі, өзіміз де осы салада еңбек етудеміз. Егер еліміздің аумағында құрылыс жүріп, қайнаған тіршілік болып жатса, ол деген нағыз қуаныш. Тәубе, бұл жағынан атқарылып жатқан шаруалар жетерлік. Бұдан шығатын қорытынды – құрылыс бар жерде экономика ілгері басады деген мағынаны аңғартады. Демек, қаржы, білікті мамандар – бәрі-бәрі бар деген сөз.

Алматы сейсмикалық аймаққа жатады. Мұндағы ғимараттар 9 балдық шкалаға есептелген. Сондықтан да 9-10 қабаттан биік салудың қажеті жоқ деген ойдамын. Дегенмен, қаланың шырайы үшін бірлі-екілі әсем, көздің жауын алатын жаһандағы Бурдж-Халифа сынды ғимарат салуға болады. Оның барлығы архитекторлар, жобалаушылар, құрылыс саласының мамандарымен кеңесіп, пішілетін дүние. Ондай жағдайда 4-5 қабат жер деңгейінен төмен қабаттар қоса салынады. Өйткені, сол үйдің іргесі мықты болуы керек. Мұның баршасы болашақтың ісі дер едім.

 

Ербол БЕЙСЕНОВ,  «РемБус» ЖШС бас директоры инженер-құрылысшы

Маңдай тер ақталады

 

Құрылысшы деген ерекше мамандық. Былай қарап тұрсаңыз, жәй жатқан қара жерді қалаға айналдырып, жан-жағын адам танымастай абаттандырады. 2-3 жылда үп-үлкен, әсем ғимараттар қаз-қатар немесе айналдыра бой көтереді. Одан кейін шағын мөлтек аудандар пайда болады. Осындай істер қуантады. Құрылысшыға бұдан артық шаттықтың керегі шамалы. Жас құрылысшыларға адалдық, табандылық, еңбекқорлық тілеймін. Сонымен бірге, білім керек.

Осы күні сапаға байланысты мәселе баршылық. Құрылыстың сапасы жағына әр мекеме өзі жауапты. Былайша айтқанда, әркім өз ісіне өзі жауап береді. Мен бұл арада өз жанымдағы азаматтарға бір ғана нәрсені шегелеп айтамын. Біз салған үйлерді алатындар қарапайым өз қазағымыз. Қалталылар келе бермейтіні анық. Ақшалы адамдардың қай жақтардан үйлі болатынын білесіздер. Сондықтан шамамыз келгенше, мемлекеттік стандарт бойынша берілген бағаны ескеріп, жақсы сапамен өткізуге тырысамыз. Біз салған үйлерді осы шара өтіп жатқан Алатау ауданынан да байқай аласыздар.

Біз өз шама-шарқымызға қарай халыққа сапалы, өмір сүруге ыңғайлы, қазақтың тұрмыс- салтын есептеп, өз тарапымыздан бар қолайлылықты жасауға тырысудамыз.

 

Рүстембек ЖАҚПАНОВ,  «Шебер» компаниясының директоры

Алматы өркендеуде

Біз құрылыс саласында бірқанша жылдар бой еңбек етудеміз. 1996 жылы Елордамыздың іргетасы қаланған шақта да өз үлесімізді тигіздік. Ол жерде көптеген нысандарды салдық. Атырауда, Талдықорғанда «Жастар» спорт сарайын, т.б. көптеген ғимараттарды тұрғыздық. Қазіргі таңда Алматыда да тұрғын үйлер, мектептер салудамыз.

Сонымен бірге, тағы бір ойым бар. Өздеріңіз білетіндей, қаламыз гүлденіп жатыр. Осыған менің ойымша, футбол алаңдары керек. Жақсы, әдемі, сәулеті мен салтанаты келіскен спорт кешендері бой көтерсе, халықтың бұқаралық спортқа деген ынтасы артатын еді.

Алматының даму қарқынына көңіліміз толады. Дән ризамыз. Шаһарымыз өркендеп, өсе берсін. Қала гүлденсе, бәріміздің ажарымыз болмақ.

 

Земфира ШАХМҰРАТҚЫЗЫ,  "Exclusive qurylys"  компаниясының бас директоры

Құрылыста істеу нағыз ерлік

Шынтуайтына келгенде, біз де құрылысшымыз. Әрбіріміз өз отбасымызға, жақындарымызға үй салып жатырмыз деп қараған абзал. Азаматтарымыз күні-түні жұмыс істейді. Оларға оңай еместігін түсінеміз. Сол себепті, қажымауға, бойдағы бар қабілетті ортаға салуға шақырамыз. Арасында ынталандыру жасаймыз. Өйткені, мұндай ауқымды, қол мен ой еңбегі бірлесіп жүзеге асырылатын жерде адамға түсер салмақ та оңай емес. Әр істің өз жемісі болуы керек. Қаламызда бой көтеріп жатқан әр нысан құрылысшының қолымен жасалады.

Шаһар өте үлкен жылдамдықпен дамып жатыр. Бұл жағынан алғанда сөзіміз жоқ. Осы арада бірнәрсені айтайық. Әрбір әлеуметтік құрылыс немесе тұрғын үйлер инфрақұрылымды айналып өтпейді. Сондықтан әрбір ғимараттың сапасына назар аударамыз. Оның төңірегінде дүкен, жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойнайтын алаңдар – бәрі-бәрі болғаны дұрыс.