Құмыра

Құмыра almaty-akshamy.kz

Осынау кішкентай бұйымда балалар алақанының жылуы, жүрегі, ықыласы, өнері, қуанышы жатыр



Алматыда балаларға алақандай ғана бір уыс саз балшықтан қыш құмыра жасауды үйрететін «Dala сrafts» деп аталатын шағын ғана арт-терапия орталығы бар. Онда жұмыс істейтіндердің бәрі өрімдей жастар. Бір сөзбен айтқанда, өнерді кәсіпке айналдырған қыз-жігіттер. Олар мәселен, фитнес физикалық күш сыйлайтын болса, «Dala сrafts» рухани қуат сыйлайды деп санайды.



АРТ-ТЕРАПИЯ


Құрылғанына екі-ақ жыл болған «Dala сrafts» өнер студиясының басында Нұрхан Әбдікәрім, Оңалбек Ергеш және Роман Нұркен деген жігіттер тұр. Олар руханияттың қоғамға, мәдениетке берері көп деп, өнерді демалысқа айналдырып, өзгеше бір мәдениет қалыптастыру жолында еңбек сіңіріп жүрген азаматтар.


Бүгінде бала біткен ұялы телефонға, гаджетке жіпсіз байланған. Айналасымен, тіпті қатарластарымен де қарым- қатынас орнатуға құлықсыз өрендер өсіп келеді. Иә, қазіргі бала баяғы біз секілді құмға су құйып, балшықтан «үй тұрғызып» ойнайтын бала емес, сыртқа көп шыға бермейді. Құмыра жасауды үйрететін орталық ашқан жігіттер бір жағынан осы жағдайды да ескеріп, жеткіншектер бос уақытын тиімді өткізсе екен деген тілекпен оларды осы өнерге тарта бастады. Арт-терапияға баласын әкеліп жүрген ата-аналар да балдырғанда қызығушылық пайда болғанын, асқан ынтамен қатысып жүргенін айтқан. Тіпті, логопед, дефектолог мамандар да кейбір кішкентай пациенттерін осы орталыққа көмегі болады деп жібереді екен. Яғни тым тұйық немесе тілі шықпаған бала да келеді мұнда.




ЖАҚСЫ КҮН


Иә, арт-терапияның миды тыныштандырып, шаршағанды басып, күйзелістен де арылтатын, ашу-ызаны басып, қорқыныш пен үрейден, жағымсыз эмоциялардан арылуға көмектесетін қасиеті барын психологтар да жоққа шығармайды.


Саз балшықтан құмыра жасауға ниеттенген баланың ойлау қабілеті мен ұсақ және ірі қол моторикасын, ойлау, қиял, зейін, есту қабілеттерін дамытады, өнерге баулиды, тепе-теңдікті ұстауда үлкен пайдасы бар. Сондай-ақ, шыдамдылығын шыңдай түседі. Сабақ оқуға деген зейіні ашылады. Қоршаған ортаны тануына көмектеседі. Ал ең соңында өз қолынан шыққан керемет туындысын көргенде қатты қуанышқа бөленетіні өз алдына.



СЕЗІМ


Арт-терапияға бүгінде жастар, үлкендер де, оның ішінде зейнеткерлер де жиі келе бастаған. Әсіресе, романтиканы сүйетін жұптар, ерлі-зайыптылар үшін таптырмас демалыс алаңы болған. Олар бірге құмыра жасай отырып, бір-бірімен үнсіз тілдеседі, бір-біріне еркелейді, сезімін білдіреді. Күнделікті бітпейтін тұрмыстық тіршіліктен бір сәт демалғысы келген жандар да осыннан табылады. Орталықтың жабдықталуы да ерекше. Саз балшықтан құмыра жасайтын бөлменің бір қабырғасына оюлы текемет тұтылып, оған домбыра, дулыға, қамшы ілінген. Құмыра жасау жұмысына кіріскен мезетте жанға жайлы күй ойнай жөнеледі. Мұның бәрі барлық жайсыз нәрсені бір сәтке ұмытып, миды тынықтыруға әсер ететіні сөзсіз.



НЕОЛИТ


Жалпы, қыш бұйымдар талай халықтың тарихында бар ежелгі өнер. Ол неолит кезеңінен бастау алған деседі. Сол заманғы адамдардың түр-келбеті, болмысы, өмір салты тек қыштан жасалған кішкене мүсіндермен, ыдыстармен бейнеленген көрінеді. Демек, қыш бұйымдар арқылы да тарихты танып-білуге болады. Сонау неолит кезеңінде жасалған сол қыш бұйымдар біздің заманға еш бүлінбестен жеткен. Сан мың ғасыр жер астында сол қалпында бүлінбей жата бергені отқа күйдірілгенінің арқасы дейді. Неолит кезеңінде үлкен құмыраларға астық сақтаған екен, яғни жер астына көміп қоятын болған. Оны құрт-құмырсқа, тышқан, егеуқұйрық та тесе алмайтын. Демек, сол дәуірдегі технологияның да, мәдениеттің де мықты болғаны сөзсіз.



ШЕҢБЕР


Біз танысқан арт-терапия орталығында да балалар мен үлкендердің қолынан шыққан құмыралар да арнайы пеште күйдіріледі. Бірақ құмыра жасаудағы ең маңыздысы, яғни басты жабдық – гончарлық станок. Бұл аппарат сазбалшыққа пішін беруге арналған. Алматыдағы «Dala сrafts» арт-терапия орталығында қазір осындай төрт станок (гончарлық шеңбер) бар. Келушілерге құмыра жасауды шеберлер үйретеді. Құмыраны жасау үшін алдымен саз балшықты жұмсартып алады. Сосын оны станок бетіндегі шеңбердің дәл ортасына бар күшпен қатты етіп жапсыру қажет. Жұмыс кезінде гончарлық шеңбер айналған кезде саз балшық дұрыс жабыспай ұшып кетсе, жасаған зат дұрыс шықпай қалуы мүмкін. Одан кейін балшықпен конус жасалады. Шеңбер үстінде айналып тұрған саз балшықты төменнен жоғары қарай бір қолмен бүйірін қыса отырып, екінші қолмен көтереді. Сосын қалауыңыз бойынша әртүрлі пішінде бүйірін шығаруға болады. Негізі, көзбен көрген адамға өте қызықты әрі жайлы процесс




ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ




Индира ЖҮСІПӘЛІ, шебер:  БІЗ ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙМЫЗ


Шеңберді айналып тұрған құмыраның қай жері қалың, қай жері жұқа екенін сезу үшін саусақтың ұшы сезімтал болуы керек. Мәселен, астыңғы жағы қалыңдау болса ұзаққа шыдайды, жоғарғы бөлігі жұқалау болып шықса әлсіз келеді. Дұрыс істелмесе, пеште күйдіргенде сынып қалады. Құмыра жасалатын саз балшық өте жұмсақ болуы керек. Оны біз іргеміздегі Қапшағайдан аламыз. Құмыра жасау барысында дайындап алған балшығымыз құрғап кетпеуі үшін қолымызды жиі-жиі сулап отырамыз. Құмыра дайын болғанда шеңберді тоқтатып, дайын затты әркім өз қалауымен әрлеп, сәндейді, бояйды. Кей адам «анама» немесе «сүйікті әжеме» деген жазба бедерлейді. Сүйіктісінің есімін ойып жазатындар да бар. Жасаған жұмыстарын сол күні бізге қалдырып кетеді, біз оны арнайы пеште күйдіріп, кептіріп қоямыз. Дайын құмырасын алып кетуге келген кездегі қуаныштарын көргенде, бекер жұмыс істеп жүрмегенімізді сезіну де бір бақыт. Адамдардың риясыз қуанғаны да бізге шабыт сыйлайды.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамау
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Пікіріңізге рахмет