Күлкі мен шытырман оқиғаға толы комедия

Күлкі мен шытырман оқиғаға толы комедия
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Сахналанған спектакльдің сарыны мен стилі әдеттегіден ерекше.

«Алматыдағы алтын күз Қазақконцертпен бірге» жобасы аясында «Astana Musical» мемлекеттік театры алматылылықтарға гастрольдік сапармен табан тіреді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Театр ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына  Р.Кунидің «№13» комедиясын ұсынды.

Комедиялық туынды көрерменнің көңілін сергітіп, тамаша әсер қалдырды. Күлкі мен шытырман оқиғаға толы комедияның қоюшы режиссері Есләм Нұртазиннің айтуынша, «№13» пьесасы – соңғы онжылдықтағы ең үздік комедиялардың бірі. Рей Кунидың бұл тырнақалды туындысы 1991 жылы үздік ағылшын комедиясы ретінде Оливье Лоуренс атындағы сыйлықпен марапатталған.

Елордалық театрдың репертуарына қосылған «№13» комедияның оқиға желісі қонақ үйдегі №13 бөлмеде көрініс табады. Сюжеттің ирониялық сатирасы үш кейіпкердің айналасында өрбиді. Басты екеуі – беделді саясаткер мен оның хатшысы. Үшіншісі – екі көңілдестің кездесуін бұзған қарақшының мәйіті.

Ең бастысы, абыройына нұқсан келтірмеуді көздеген кейіпкерлер мәйіттен тез құтылудың амалын іздейді. Спектакльдегі қайталанбас сюжет, бір мезеттік үрей, мансапқорлықтың кесірінен орын алатын шексіз былық адам болмысының шынайы табиғатын аша түседі.

Қойылым басталысымен езуіне күлкі үйірілген көрермендер «Астана мюзикл» театрына жылы лебіздерін білдіріп, барлық образдардың шебер сомдалғанын жеткізді. Тіршіліктің күйлеуі, күнкөрістің илеуінен босап,  ризашылықпен тамашалаған жеңіл әрі көңілді спектакль көрермендердің жадында ерекше сақталып қалары сөзсіз.

Қойылым театрдың жетекші әртістері М.Есқали, А.Өмірзақов, А.Ақипбаев, А.Қапизов, З.Таштаева, А.Жамаш, А.Құсайынова, З.Жакенова және Б.Бағытжановтардың актерлік ойындарымен әдемі өрілген.