КВИ-ді қалай азайтамыз?

КВИ-ді қалай  азайтамыз?
Сурет: Gov.kz

 Ауруды одан әрі асқындырмау үшін қандай шара қолдануымыз керек? Бас санитар қандай кеңес береді?

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин КВИ ауруын азайту мен сақтану шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 Мегаполистің мемлекеттік Бас санитарлық дәрігері Ashyq жүйесін енгізу арқылы аурудың төмендеуіне шағын және орта бизнес нысандарын мониторингтік топтардың жүйелі бақылауы әсер еткенін атап өтті. Сондай-ақ қоғамдық орындарда (кіреберістерде, баспалдақ алаңдарында,  балалардың ойын алаңдарында) профилактикалық дезинфекция жүргізу оң нәтиже берді.

 Жандарбек Бекшин Алматыда Ashyq жобасы осы жылдың ақпан айынан бастап жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Оның міндеттерінің бірі – жұқтырған тұрғындар мен олардың байланыс тұлғаларын қоғамдық орындарға баруын шектеу. Сондай-ақ, екі апталық үй карантинін сақтау міндетті.

 Жандарбек Бекшиннің мәліметінше, жоба басталғаннан бері Алматыда өз мәртебесін сканерлеу нәтижелері бойынша 1235 тұрғынның «қызыл» мәртебесі расталды, 298 тұрғынның «сары» мәртебесі анықталды.

 Жобаның тағы бір артықшылығы – мобильді қосымшаның көмегімен үй карантинін бұзбай «қашықтан» тексеру мүмкіндігі бар. Осылайша, қосымшаның арқасында Алматыда 649 тұрғынның қызыл мәртебесі, 144 тұрғынның сары мәртебесі расталды.

«Жүргізілген шаралардың, сондай-ақ Ashyq жобасының нәтижесінде КВИ бойынша тәуліктік өсім 6 есеге төмендеді. Соңғы тәулікте Алматыда мамыр айының алғашқы күндерінде 605 – 608 жағдайға қарсы КВИ-дің 143 жағдайы тіркелді», - деді Алматы қаласының мемлекеттік Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин. 

Ол кәсіпкерлерді жоба талабына адал болуға, белгіленген шектеулерді сақтауға шақырды, өйткені жоба карантиндік жеңілдіктермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.