КРЕАТИВТІ ПРОФЕССОР

Мейірбике ісі саласын дамытуға айрықша үлес қосқан ғалым Сұлтан Тұрарұлы Сейдуманов жайлы бір үзік сыр

Еліміз тәуелсіздігін еншілеген жылдардан бері Елбасының кемел саясатының  арқасында мемлекетімізде денсаулық сақтау жүйесінің жоспарлы түрде дамуы байқалады. Денсаулық сақтау саласын  қаржыландыру артты. Сондай-ақ, осы салада  қажырлы еңбек  етіп келе жатқан  медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен іскерлігінің деңгейі  де әлемдік деңгейдегі мамандардан кем емес. Сондай білікті ақ желеңді абзал жандардың  бірі – мейірбике ісі саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген  медицина ғылымының докторы, профессор  Сұлтан Тұрарұлы Сейдуманов дер едік.

Денсаулық  сақтау саласында 1982 жыл­дан бері тұрақты еңбек  етіп келе жатқан Сұлтан Тұрарұлы алғашқы еңбек  жолын  бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласының Заводской ауданында  сани­тар­лық дәрігер болып бастап, қызмет сатысымен көтеріліп, Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Іс басқармасы меди­циналық орталығының заманауи медици­налық технологияларды енгізу орталы­ғының директоры, үкімет, Денсаулық сақтау министрліктеріндегі аппараттарда қызмет істеді. Өзінің денсаулық сақтау саласындағы көптеген бағдарларын жүзеге   асыру мақсатында Сұлтан Тұрарұлы  медицина саласындағы алғашқы  ғылыми зерттеу  ізденісін  «Қазақстанда  салауатты өмір салтын қалыптастыру» мәселесіне арнап,  елімізде  салауатты өмір салтын  қалып­тастырудың кешенді ұзақ мерзімді  стратегиялық бағдарламасын әзірлеп ұсынды. Осы тақырыпта  медицина ғылы­мының кандидаты дәрежесін 2001 жылы  қорғады.

Өмірдің өзі дәлелдегендей, ғылым саласына, өзіндік жоғары ойлау қабілеті мол, қоғамға ұсынатын   идеясы бар адам­дар келеді. Елімізде салауатты өмір салтын  қалыптастырудың  Қазақстан халқы  үшін  аса маңыздылығы, адам денсаулығы құндылығын арттыру  қажеттілігі  туралы  көкейтесті  мәселелерді  шешудің бағыт­тарын  Сұлтан Тұрарұлы  өзінің  2009 жылы қорғаған  «Қазақстанның денсаулық сақтау  ісін дамыту стратегиясының ғылы­ми негізделген жолдары» атты докторлық диссертациясында  жан-жақты көрсетті.

«Адам үшін  денсаулық – ең ұлы қазына, онымен  салыстырғанда, басқа мәселелердің бәрінің де маңызы  төмен» деп айтқан неміс философы А.Шопенгауэрдің тұжырымы,  халқымыз айтатын «Денсау­лық – зор  байлық» мақалы  Сұлтан Тұрар­ұлының  ғылыми зерттеу еңбектерінің тұла бойында  көрініс  береді. Ғалым  елімізде  денсаулық сақтау жүйесін  дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын  медицина­лық білім беру  саласында ұтымды  қолда­на білді. Әсіресе, осы салада өз ойлары мен мақсаттарын жүзеге асырған  2009–2016 жылдары Орта медициналық  және фармацевтік  қызметкерлерді даярлайтын  және қайта  даярлайтын Республикалық меди­цина  колледжіне  директор  болып  қызмет  жасаған  кезеңі  болды.

Ол  колледждің  педагогикалық  ұжы­мы алдына жаңа талап-міндеттер қойды. Білім сапасын арттыруға ұмтылып, білім беру  үдерісіне ақпараттандыру мен  жаңа  инновациялық технологияны енгізуді көздеді. Осы мақсатта  колледжде 2010 жылы  мейірбикелердің кәсіби практикасы  бойынша  ақпараттық  технологиялар орталығы мен білім беру  қызметінің  сапа  мониторингі  орталығы құрылды,  2011 жылы күрделі офис-тіркеуші ұстанымы бойынша  жұмыс істейтін  банктік  қауіп­сіздік  сыныбына негізделген жүйе  (ААЖ) енгізілді. Мұның артықшылығы,  оқу мекемесінің барлық құрылымдық  бөлім­шелерінің қызметін  біріктіріп, білім алушы­лар мен оқу  бітірушілердің білім сапасына, білігі мен машығына мониторинг  жүргізуге мүмкіндік  берді. Сонымен  бірге,  оқу-бағдар­ламалық  құжаттар  қайта  қаралды, оқу  бөлмелері мен  зертханалар  заманауи  медициналық жабдықтармен және аспап­тармен, симуляциялық тренажер­лермен, манекендермен жарақтандырылды.  Оқу мекемесінде  елімізде тұнғыш рет  2009 жылдан бастап  мемлекеттік  тапсырыспен  көз мүгедектері үшін  «медбикелік іс  маман­дығы бойынша», «массажист» кәсі­бімен студенттер оқытыла  бастады. Осы жылы Қазақстан мен Ауғанстан  Ислам Республикасы үкіметтері арасындағы «Білім  саласындағы  ынтымақтастық  тура­лы» келісімге сәйкес,  Ауғанстаннан келген студенттерді  медициналық маман­дыққа баули бастады.

Орта буынды медицина мамандарын  сапалы даярлау мен  қайта  даярлауды  үздіксіз жетілдіру  мақсатында   еліміздегі  медициналық колледждерді біріктіру қажеттілігі  өмір талабынан  туындады. Сей­думановтың  ұсынысымен  2011 жылы «Қазақстан медицина колледждерінің одағы» заңды тұлғалардың  бірлестігі құрылып,  оның төрағасы болып Сұлтан Тұрарұлы сайланды. Одаққа республи­каның 56 колледжі мүше болып кірді. Одақ жұмысының негізгі мақсаты – респуб­ликадағы медицина колледждерінің  оқу-әдістемелік, оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру, пікір-кеңес алмасу, ұстаздардың әлеуметтік жағдайына көмек көрсету,  мейірбике ісі біліміне  иннова­циялық әдістерді қолдана отырып, сапа деңгейін арттыру, сонымен қатар,  алдыңғы қатарлы тәжірибелерді насихаттау болды.

Одақ жұмысына Сұлтан Тұрарұлы басшылық етіп тұрған тұста «Мейірбике ісі мәселелерінің ақпараттық  хабаршысы» журналы 2011 жылдан бастап шығып тұрды. Сонымен қатар, екі бөлімнен тұратын мейірбике ісінің  нормативті құқықтық актілер жинағы және үздіксіз білім берудің нормативті құқықтық актілері жинағы шықты.

2011 жылы Варшава қаласында өткен Еуропа дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары бас мейірбикелерінің жиналы­сына Қазақстан Республикасының Денсау­лық сақтау саласының мейірбике істері жөніндегі  штаттан тыс  бас маманы ретінде  Сұлтан Тұрарұлы қатысып қайтты. Соны­мен бірге, тәжірибе алмасу барысында Ресей, Жапония, Финляндия, Польша елдерінде «Денсаулық сақтау» тақыры­бында өткен конференция жұмыстарына  қатысып, тәжірибе алмасты. Соның нәтижесінде мейірбикелік  білім берудің  еуропалық ұйымдастыру тәжірибесін, қазақстандық жүйемен салыстыра отырып,  өзі басқарып отырған оқу  мекемесінің  оқытушылар ұжымына сәйкестендірілген өз модулін жасады. Сұлтан Тұрарұлы жетекшілік еткен «Республикалық меди­цина колледжі» 2014 жылы «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бака­лавриат  білім беру  бағдарламасына  енгізу үшін Қазақстан Республикасының  Ден­саулық сақтау министрлігінің  пилоттық жобасын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының алты колледжінің қатарына қосылды.  Сұлтан Тұрарұлы  орта медициналық және фармацевтік қызмет­керлердің екінші және үшінші съездерін ұйымдастырушылардың бірі болды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы.   Сұлтан Тұрарұлы  ұйымдастырушылық, іскерлік қабі­летімен қатар, кісілік-кішілік  қасиет­терінің  арқасында өзі  қызмет істеген ұжымдарды  ұйымшылдық пен ауызбірлік­ке бастай білген азамат. Бүгінгі күндері  медицина ғылымының  докторы, профессор  Сұлтан Тұрарұлы Сейдуманов  «Эмили» медицина орталығының Бас директоры  қызметін атқарып келеді.

Ұлтжандылық, терең білім оның аза­маттық тұлғасын абыройға бөлей беретіні сөзсіз.

 

Ә.ӘБДІРАСЫЛОВ, 

тарих ғылымының кандидаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *