ҚР Президенті оркестрі Түркияда өнер көрсетті

ҚР Президенті оркестрі Түркияда өнер көрсетті
Сурет: Trt.net.tr

Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі Түркияның Бурса қаласында өтіп жатқан ІІ халықаралық әскери оркестрлер фестивалінде өнер көрсетті.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы өткізген шараға түркітілдес 5 елдің өнерпаздары қатысып жатыр. Олар шаһардағы тарихи жерлермен жүріп өтіп, қала халқына өнер көрсетті. Ал кешкілік гала-концертте ұлттық және патриоттық әуендер орындалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақстан Президенттік оркестрінің түрлі жанрдағы өнерімен қатар жауынгерлік сап түзеуі де көрерменді тәнті етті. Осман империясының тұңғыш астанасы Бурса биыл түркітілдес елдердің мәдени астанасы болып жарияланған еді.

«Жергілікті халық бізді ыстық ықыласпен қарсы алды. Бізбен өзге елдердің кәсіби өнерпаздары да қойылымын көрсетті. Президенттік оркестріміз бұған дейін «Спаская башня», «Бремен тату», «Берлин татум» атты әлемдік деңгейдегі шараларға қатысқан болатын. Дегенмен Түркияға алғаш рет келіп тұрмыз», - дейді ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің дирижері Құрмет Бейсембаев. 

«Қазақстандық оркестрдің қойылымы барысында көне түркілердің әскери рухын сезіндік. Өзімді бір аттың үстінде жауға шапқандай елестеттім. Әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын», - дейді көрермен Самет Тахмисоғлы.