Ковидтің салдары қандай болады?

Ковидтің салдары қандай болады?
Сурет: Сkb55.ru

Коронавируспен ауырып жазылғандардың арасында алты айға дейін індеттің салдарынан айыға алмайтындар болады.

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Постковидті оңалту және медициналық күтім туралы» онлайн баспасөз-конференциясында Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының №5 қалалық клиникалық ауруханасының инфекционист дәрігері Ольга Антипова індеттің салдары туралы жан-жақты түсінік берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz тілшісі.

«Коронавирус инфекциясының симптомсыз өтетін, жеңіл, орташа және ауыр түрі барын бәріміз білеміз. Бірақ бұл жеңіл түрінің салдары болмайды деген сөз емес. Әр адамның ағзасы әр түрлі болғандықтан, вирустың салдары да түрліше болуы мүмкін. Алайда КВИ-дің жалпы салдары ретінде пациенттердің  30 пайызында кездесетін қан тамырлары жүйесінің зақымдануы, ұйқының бұзылуы, шаршаңқылық, тершеңдікті айта аламын. Ауырып жазылғандардың көбі «таңертең ұйқыдан оянғанда демалып емес, шаршап тұратын болдым» деп шағымданып жатады. Мұның себебі инфекцияның әсері болып отыр, дені сау адамның өзі коронавирус жұқтырған кезде, зақымдалмаған бір де бір органы қалмайды. Ал созылмалы аурулары бар адам ковидке шалдыққанда, сол ауруы одан әрі асқынып кетеді. Бірінші кезекте қан тамырлары зақымдалып, қанның ұюы өзгеріске ұшырайды. Індеттен жазылған соң біреулер бір аптада ауырғанын ұмытып кетіп жатса, екіншілері жарты жылға дейін салдарымен күресіп жүреді», - дейді инфекционист дәрігер.