Ковидтік бухгалтерия: экономикалық тұрақсыздық кезінде отбасылық бюджетті қалай жоспарлау керек?

Ковидтік бухгалтерия: экономикалық тұрақсыздық кезінде отбасылық бюджетті қалай жоспарлау керек?
Сурет: интернеттен

Пандемия мен қаржылық дағдарыс өмірімізге көп өзгеріс енгізді – біз көп нәрседен бас тартуға мәжбүр болдық, шығынның да жаңа түрлері пайда болды. Демек, қаржылық тұрғыдан әдеттерімізді өзгертетін уақыт жетті.

Қазіргі адамдарға сынақ көбірек берілген сияқты. Дефолт, пандемия, локдаун - бір дағдарыс екіншісіне ұласып жатыр, мұндай жағдайды біздің ата-анамыз түсінде де көрген емес. Сонымен қатар, үйреншікті өмір салты біздің көз алдымызда өзгеруде. Ипотека, несие карталары, тұтынушылық несиелер және инвестиция сияқты құралдарды меңгеруге тура келді. Өзіңізді микроқаржылық ұйымдар, пирамидалық схемалар, банктік алаяқтық және т.б. сияқты қауіптерден қорғауыңыз керек. Не істей аласыз, амал жоқ, осы өмірге лайық бейімделу керек. Демек, отбасылық бюджетті сақтау тұрғысынан қаржылық әдеттеріңізді қайта қарауға тиіссіз.

Стресстен қорғану ережелері

1. «Қауіпсіздік жастықшасын» жасаңыз


Алдағы күніңізді ойлап, ақшаның бәрін жұмсай бермей, жинап үйреніңіз. Әсіресе, банктен алған несиелеріңіз болса. Өйткені банк сіздің қарызыңызды кешірмейді. «Несие демалыстарына» да арқа сүйеудің қажеті жоқ. Бұл банк тарапынан жасалған қайырымдылық акциясы емес. Пайызы бәрібір есептеле береді және сіз оны кейінірек банкке бәрібір қайтарасыз. Оның үстіне, «несиелік демалыстар», өкінішке қарай, несие тарихына да кері әсер етеді. Бұл - шарасыздықтан ғана баратын қадам. Ал егер демалыс алуға мәжбүр болмасаңыз, алмай-ақ қойғаныңыз абзал. «Қауіпсіздік жастығы» қандай болуы керек? Ең кем дегенде несиеңізді 2-3 ай төлей алатын сомадағы ақша. Ал ең жақсы, сенімді «жастық» - сіздің алты айлық жалақыңыздың сомасы.

2. Отбасы бюджетін ретке келтіру

Егер сіз картамен төлем жасауға дағдыланған болсаңыз, соңғы айларда ақшаңыздың не үшін жұмсалғанын қолданбадан қараңыз. Оны санаттарға бөліңіз: азық-түлік, саяхат, коммуналдық қызметтер, киім мен аяқ киім, ойын-сауық, кофе. Қолма-қол төлеген болсаңыз, ақшаның қайда жұмсалғанын есте сақтаңыз және жазып жүріңіз. Ойланатын кез келді: қай шығынды қысқартуға болады, егер қысқартсаңыз, қанша ақша үнемдей аласыз? Мысалы, сіз ай сайын кофе мен тәттілерге 15-20 мың теңге жұмсайтыныңызды көрдіңіз. Бұл - сіздің несие картаңыз бойынша төлеміңізбен бірдей сома. Бұл - сізге берілген белгі. Қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда, тәттілерден бас тартып, несиеңізді осы ақшамен төлеуіңізге болады.

3. Несиелік карталардан құтылыңыз.

Оларды мүмкіндігінше тез жауып тастауға тырысыңыз. Бұл да - сіздің бюджетіңізді құлдырататынның бірі. Несие картасындағы ақшаны алу оңай және қолжетімді. Оларды жұмсау да оңай. Бірақ төлейтін кезде қиналасыз. Несие картасын үнемі қарызға батпай, банкке артық пайыз төлемей пайдалана алатын ұқыпты адамдар санаулы ғана. Ол үшін үлкен төзімділік пен өзін-өзі бақылау өнерін меңгеру керек. Көпшілік үшін "несие картасы жоқ болса, проблема да жоқ" деген ереже жұмыс істейді.

4. Жинақтап үйреніңіз

Үнемдей алмайтыныңызды үнемдейтін ештеңем жоқ деп ақтамай-ақ қойыңыз. Бұл бар болғаны жай сылтау ғана. Шын мәнінде, кез келген бюджетті оңтайландыруға болады. Тіпті болмаса, үйге тексеріс жүргізіп, ескі балалар заттарын, ойыншықтарды, пайдаланылмаған құрылғыларды (шырын сыққыш, нан пісіретін пеш, фри қуырғыш – шкафта пайдаланылмайтын не бар?) сатуға қойыңыз және кем дегенде осының ақшасын сақтап қойыңыз. Жалпы, үнемдеуді әдетке айналдыру керек. Табысыңыздың кем дегенде 10% жинаққа салуға әдеттеніңіз. Бұл ертеңгі күніңізге деген сенімділік береді.

5. Жинақтарыңызды дұрыс сақтай біліңіз

Ақшаңызды үш валютамен - теңгемен, еуромен, доллармен сақтап жинағаныңыз орынды болады. Бұл валюта бағамының ауытқуы туралы алаңдамауға мүмкіндік береді. Бір валютаның курсы құлдырап кетсе,  сізде екіншісі бар. Уайымдамай, тыныш ұйықтай аласыз. Еуро өсе ме, әлде доллар өсе ме, оны ешкім білмейді. Бірақ егер сіз валютаға байланысты ақша жұмсауды жоспарлап отырсаңыз, онда ақшаны бірден соған арнап жинауға болады. Мысалы, сіз жазда жөндеу жұмыстарын жасағыңыз келеді дейік. Құрылыс материалдарының бағасы міндетті түрде валютаға байланысты, сондықтан ақшаны еуромен немесе доллармен жинағаныңыз дұрыс. Шетелге саяхаттау мен демалып келуді жоспарласаңыз да, солай еткеніңіз жөн. 
 

6. «В» жоспарын құрыңыз.

Дағдарыс пен қаржылық қиындықтардан қорқудың орнына, егер осылай бола қалса, не істейміз деп отыру ойлану керек. Мысалы, көктемде сіз ипотекаға пәтер алдыңыз дейік. Ал күзде дағдарыс басталды. Жұмыссыз қалудан қорқуыңыз әбден қисынды, өйткені соның кесірінен несиеңізді төлей алмай, пәтеріңізден айырылатыныңызды білесіз. Бірақ депрессияға түсудің орнына күйеуіңізбен немесе басқа туыстарыңызбен қорқынышыңызды ортаға салып, сабырмен талқыласаңыз, одан шығудың жолы да табылады. Мысалы, сіз былай ойланып, шешім қабылдадыңыз: егер бірдеңе болса, фаст-фудқа жұмысқа бара тұрайын, онда әрдайым жұмысқа адам алып жатады. Ал екі (немесе одан да көп) жалақы міндетті түрде ипотекалық төлеміңізге жеткілікті болуы керек. Уайымыңыз азайып, бірден жүгіңіз жеңілдеп сала береді. «В» жоспары ақылға қонымсыз болып көрінсе де, ол кем дегенде, стрессті жеңілдетуге және жай ғана көңіліңізді тыныштандыруға көмектеседі.