Қостанайда қыздар арасында ел чемпионаты басталды

Қостанайда қыздар арасында ел чемпионаты басталды
Сурет: Ашық дереккөз

Әр өңірден таңдаулы 104 былғары қолғап шебері келді.

Қостанай қаласында бокстан əйелдер арасында ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өз салмағында мықты екенін дәлелдеп, ұлттық құрама сапына қосылу үшін əр өңірден таңдаулы 104 былғары қолғап шебері келді.

Биылғы бəсекеге халықаралық аренада бақ сынап жүрген көптеген боксшы қатысып жатыр. Мәселен, жуырда Амманда аяқталған Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Ыстанбұлдағы әлем чемпионатының, Олимпиада жүлдегерлері Қостанай төрінде жарыс көркін қыздыруда.

Осыған дейін Қазақстан бокс федерациясының басшылығы мен Шəміл Сафиуллин бастаған бапкерлер қосыны ешкімге жеңілдік жасамайтынын, ұлттық құрамадағы əр орын үшін талас бəріне ортақ екенін айтқан еді.

Тек ұлттық құрама қатарында жүрген Карина Ибрагимова Қостанайға келген жоқ. Себебі, Азия чемпионы, биылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері 11 желтоқсанда Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) өткізген алғашқы «Чемпиондар түні» жобасында жұдырықтасты.

Жалпы, чемпионат аясында 92 жекпе-жек өтеді. Ал ең көп боксшы 48 кг дейінгі салмақта тіркелген. Қостанайдағы шаршы алаң додасы 17 желтоқсанда мəресіне жетеді.