Көші-қонға байланысты 20 функция Еңбек министрлігіне берілді

Көші-қонға байланысты 20 функция Еңбек министрлігіне берілді
Сурет: Tengrinews.kz

Бұрын бұл қызметтерді Ішкі істер министрлігі атқарып келген.

Көші-қон саласындағы 20 функция Ішкі істер министрлігінен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы мәлімдеген ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, осы функциялардың арасында еңбек иммигранттарына рұқсат беру, босқындармен жұмыс, халықтың көші-қоны саласындағы ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыру, көші-қон процестерінің мониторингі сияқты құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен тікелей байланысы жоқ өкілеттіктер бар.

 «2022 жылғы қаңтардан бастап ҚР Президенті Жарлығымен көші-қон саласындағы 20 функция Ішкі істер министрлігінен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді. Ол үшін Еңбек кодексіне, «Босқындар туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» және «Ішкі істер органдары туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді», - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Дегенмен, босқындар мен еңбек мигранттарының Қазақстанда болу ережелерін сақтау жағдайы бұрынғысынша полиция бақылауында болады. Яғни, босқын мәртебесін және жеке тұлғадан еңбек қызметіне рұқсат алғаннан кейін, көрсетілетін қызметті алушылар орналасқан жері бойынша полицияға уақытша тұруға рұқсат алуы керек.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің босқындармен жұмысы көбіне оларға әлеуметтік көмек, медициналық қызмет және білім беруге, сондай-ақ оларды жұмысқа орналастыруға бағытталатын болады. «Еңбек патенттерінің» немесе жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге келетін еңбек мигранттарына рұқсат Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беріледі. Рұқсаттардың басқа түрлерін жергілікті атқарушы органдар береді. Оларды беру тәртібін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі айқындайды», - делінген ресми түсіндірмеде.

Туындаған сұрақтар бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне телефон арқылы хабарласуға болады: 8/717/2-74-37-78, 74-37-26 ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті телефондары: 8/717/2-71-40-73,72-20-62.