Коронавирустың жаңа түрі мен жаңа толқыны болуы мүмкін

Коронавирустың жаңа түрі мен жаңа толқыны болуы мүмкін
Сурет: Tengrinews.kz

Коронавируспен күрес кезінде ғылымды дамытуға байланысты тың серпін берілді. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья мәлім етті, деп хабарлайды 

«Қазмедиа» орталығында өтіп жатқан «Референдум» онлайн-марафонында ғалымнан коронавирус індетінің таралуына қатысты сұрақ қойылды.

«Індетпен күрес бойынша босаңсуға болмайды. Осы кезеңде еліміздің денсаулық сақтау деңгейін айтарлықтай жоғары көтере алдық. Коронавирус індеті біздің барлық әлсіз тұстарымызды көрсетіп, денсаулық сақтау мен ғылым жүйесіндегі кемшіліктерді ашып берді. Сондықтан бұл індетпен күрес кезінде ғылымды дамытуға байланысты тың серпін берілді», - деді К. Закарья.

Осы орайда ғалым елімізде коронавирустың таралуының тежелеуіне ұжымдық жұмыстар зор ықпал еткенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы бұл бағыттағы ғылымның дамуына ерекше назар аударып, отандық вакцинаны даярлауға дер кезінде тапсырма берді. Атқарылған ауқымды жұмыс нәтижесінде ұжымдық иммунитет қалыптасты. Вакциналар аурудың таралуын тежеп тұр. Бұл жаңа инфекция әлі де тұрақтанбағанын, яғни мутацияға ұшырай беретінін түсінуіміз керек. Осы орайда оның жаңа түрі мен індеттің таралуының жаңа толқындары болуы ықтимал. Біздің мақсат – осы қатерге дайын болу», - деді Күнсұлу Закарья.

Сонымен қатар ол ғылым саласын қаржылындару жүріп жатқанын айтты.

«Қазір көптеген конкурстар жарияланып, жас мамандарға ерекше мән беріліп жатыр. Атап айтқанда, білім мен ғылым саласына үнемі назар аударып отыру керек», - деді институт басшысы.