Коронавируспен ауырған азаматтар да донор бола алады

Коронавируспен ауырған азаматтар да донор бола алады
Сурет: Kvd.by

Донор ретінде қан тапсыру - игі іс

Мамандар қазақстандықтарды донорлар қатарына қосылып, жиі қан тапсырып тұруға үндейді. Коронавируспен ауыратын азаматтар да бұл игі шараға атсалыса алады. Медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ және салмағы кемінде 50 кг болатын әрбір ересек адам донор бола алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Егер адам алкогольдік ішімдік ішкен болса, ол 48 сағатқа қан тапсырудан босатылады. Ал тұмауға шалдыққандар екі аптаға, баспамен ауырғандар екі айға дейін, коронавирус екі аптаға, пневмония болса, бір айға дейін донор болудан шеттетіледі. Қан тапсыруға мүлдем болмайтын бірқатар қарсы көрсеткіштер де бар. Мәселен жүрек-қантамырлар жүйесінің аурулары, миокардиттер, эндокардиттер немесе сараптама қорытындысына сәйкес гепатит Б,С, ВИЧ, сифилис анықталса», - дейді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Әйгерім Сағамбаева.

Елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының деректеріне сәйкес, өткен жылы донорлардың басым бөлігін ер адамдар құраған. Бұл шамамен 69%. Қан тапсыратын әйелдердің қатары аздау. Донорлардың денін 30-50 жас аралығындағы адамдар, 13%-ын 50 жастан асқандар құраса, қалған бөлігі - 18-30 жас аралығындағы азаматтар.

«Донорлыққа бірінші рет келіп тұрмын, көптеген адамдар тапсырып жатыр. Қан тапсыру - өте пайдалы іс. Бір жағынан, азаматтық борышым деп есептеймін. Аз да болсын пайдам тисін деген ниетпен келіп отырмын. Барлықтарыңызды қан тапсыруға шақырамын» - дейді донор Ахмет Шілдебай. 

Қан тапсыру үрдісі ұзаққа созылмайды. Өзінің жеке уақытының сәл бөлігін бөлу арқылы біреудің өмірін аман сақтап қалуға болады, - дейді мамандар.