Көп балалы аналар қолдауға лайық

Көп балалы аналар қолдауға лайық
almaty-akshamy.kz

Жолдау болашағымыздың жарқын болуы үшін жолданып жатыр деген ниеттеміз

Мен былай деп ойлаймын. Жолдау керек. Бұл мемлекеттік бюджет бекітіліп жатқан шақта жолданды. Демек, алдағы жылдың бағыт-бағдары, жасалатын істері айқын деген сөз. Демек, қазынадан арнайы қаржы бөлініп, жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Соның бір дәлелі, бала күтімімен отырған аналардың 1 жасқа дейінгі төлемі 1,5 жасқа дейін төленетін болды. Бұл да дұрыс! Ана үйде отырып, баласын жетілдіреді. Көрші Өзбекстанда 3 жасқа дейін бала күтіміне ақша бөлінеді. Әлбетте, оның да өз ережелері бар. Бұрыннан бері осы нәрсені бізге де ендіру керек дегенді айтып келеміз. 2006 жылы өзіміздің Қазақ еліне Өзбекстаннан қоныс аудардық. Сол шақтарда осы мәселені көтергенбіз. Сонда маған атқа мінерлер «1 жасқа дейін төлейміз, егер мұқтаж болса, 3 жасқа созамыз» деп еді. Мұнысы ақылға қонымды. Әгәрәки, онсыз да дәулеті тасып тұрса, оған қалған 2 жыл қаржы шығындаудың не қажеті бар? Сол себепті, әлгі төленетін ақшаны нақ күнкөрісі аздау жандарға бөлген жөн ғой деп түйдім.

Тағы бір айта кететін дүние, ол Ұлттық қордың хал-ахуалы төңірегінде болмақ. Яғни балаларымыз ел қазынасына түскен табыстан өз несібесін алмақ. Бұл да өз дәрежесінде іске асқалы тұр. Осының механизміне көбірек көңіл бөлсек деп едім. Дәлірек айтқанда, Ұлттық қорда шамамен 55 миллиард АҚШ доллары шамасында қаражат бар. 2014 жылдары 90 миллиард төңірегінде қаржы болған. Соңғы 2-3 жылдағы пандемия, қаржылық дағдарыс, державалардың текетіресі, т.б. жағдаяттар күрделі жолдарға әкеліп отыр. Яғни осындай келеңсіздіктерге қарамастан, Қазақстан өзінің Ұлттық қордағы қаражатының 50%-ын балалардың есебіне аудармақшы. Осы тұста бір кілтипан туындайды. Бізде 162 олигарх бар. Сонда олардың да баласына беріле ме, әлде қалай болмақ?! Бірнеше күнде 2-3 мың доллар шығындайтындарға қаржы салудың қисыны жоқ деп білеміз.  Міне, сол жағын айқындаған абзал.

Әлгі 162 бай-бағланның қолында түсімізге кірмейтін байлық бар. Олар әлемдік деңгейдегі ауқаттылар санатына жатады. Аса бай-манаптар  әр балаға 18 жасқа дейін құралатын 6 мың долларға қарап қалған жоқ. Тіпті керек те емес.  Жәй айталық, 40% халқымыздың тұрмысы түзу деп алайық. Егер осы топтағылардың табысы 100 мың доллардан асып жатса, онда оларға да мұның қажеті болмайды.

Дүниежүзілік банктің сараптауынша, жер жүзінде 1,2 млн мұқтаж жанұяның бар екені анықталды. Көрдіңіз бе?! Осыдан соң түйткілдің оты қайда маздап жатқанын бағамдай беріңіз. Міне, осындай әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар жетерлік. 7-8 баласын қолына алып, үлкен мегаполистерде үйсіз-күйсіз қаншама отбасы жүр? Ата-анасының тапқаны қант-шайдан артылмайды. Кедейшілік қамытын кигендерді ескермесек болмайды. Себебі, бала-шағасының несібесі болады деп, дүниеге 10-нан аса сәби әкеліп жатқан көп балалы аналар қаншама? Ондай жандар - нағыз экономиканың драйвері. Демографиялық өсім бар жерде, бәсекелестік артады, Отанды қорғайтын оғландар туылады. Бірақ осының түйінін тарқататын жүйелі механизмді тездетіп табу керек.

Біз популистік қадамға бармайық. Сіздерге мұндай соқпақтан шығудың жолын айтайын. Жаппай бай-шонжар, қаражаты өз басынан асып тұрғандарға шығындалғанша, нағыз әлеуметтік осал топтарды анықтап, көп балалы отбасыға, әлеуметтік аз қамтылғандарға және мүгедек жағдайда жетіліп келе жатқан жанұялардың балаларына қаржы аударып отырайық. Сонда әлгі 6 мың бірнеше жыл бойы жиналып, 60 мың долларға жетеді. Кәмелет жасына толған соң, үй алуға, оқуға түсуге, денсаулығын емдеу сынды түрлі нәрсеге жұмсайтын болады. Осыны реттеп, қадағалайық. Мәселен, 2023 жылдан 18 жыл есептесек, 2041 жыл болады. Сонда оған дейін жиналған қаржы құнсызданып кетпей ме, сол жағын да әзірден қарастырған абзал. Ал бірақ көтерілген бастама дұрыс. Ең бастысы, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», осындай сындарлы шақтан аман-есен өтіп кеткеніміз жөн.


Дайындаған Олжас МҰРАТБЕКҰЛЫ.