Конституциялық кеңеске азаматтардан жылына 500-600 шағым келіп түседі

Конституциялық кеңеске азаматтардан жылына 500-600 шағым келіп түседі
Сурет: Ratel.kz

Келіп түскен арыздың 3 пайызында ғана нормативтік-құқықтық актілердің кемшіліктері, проблемалары туралы мәселелер көтеріледі.

ҚР Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов айтуынша, конституциялық кеңеске азаматтардан жылына 500-600 шағым келіп түседі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Қазірдің өзінде Конституциялық кеңес азаматтардың шағымын қарамайды. Соған қарамастан жылына шамамен 500-600 шағым келіп түседі. Біз оларға қазіргі қолданыстағы Әкімшілік-рәсімдік процестік кодекстің талаптары бойынша жауап береміз. Яғни, оның көпшілігі басқа мемлекеттік органдарға жолданып отырады. Қазір де айтуыма болады, олардың көпшілігі Конституциялық кеңестің де, Конституциялық соттың да өкілеттігіне кірмейді», - деді ол.

Мәселен, оның айтуынша, көптеген азамат сот үкімдерімен келіспейді. Жазаны қатаң деп санайды. Өзінің кінәсі дәлелденбеген деп есептейді. Ал мұндай мәселелерді қарау ешқандай елде Конституциялық соттың құзырына кірмейді.

«Дәлелдемелерге тиісті баға беру соттың міндеті. Келіп түскен арыздың 3 пайызында ғана нормативтік-құқықтық актілердің кемшіліктері, проблемалары туралы мәселелер көтеріледі. Бұл - Конституциялық сотта қарала алатын мәселелер. Бірақ, қазір азаматтар Конституциялық кеңеске тікелей жүгіне алмайды», - деді Бақыт Нұрмұханов.