Көңілдің кейбір сәттері

Көңілдің кейбір сәттері almaty-akshamy.kz

Өмір болған соң  ақ пен қара, қуаныш пен реніш қатар жүретіні, түн артынан күн шығатыны да заңдылық. Бірақ адамдар арасындағы қарым-қатынаста бәрі жақсы болса деп ойлаймыз. Бір-бірімізге деген ілтипат-құрметіміз арта түссе екен дейміз. Сабыр, төзім, қайырым, мейірім, бауырмалдық тек Ораза айымен шектелмегей деген тілегіміз де жоқ емес.


 


АВТОБУСТА


Қала сыртына қатынайтын жалғыз автобустың аялдамасында адам күнде көп болады. Тіпті, кейде сыймай қалып, екіншісін, үшіншісін күтіп тұрамыз. Біз күткен автобустың төбесі көрінгеннен орын тисе екен деп бәріміз жапатармағай тар есікке ұмтылғанда, біреуміздің сөмкеміздің бауы, енді біреуіміздің шапанымыздың етегі ілініп қалып, не әрі, не бері жылжи алмай кептеліп тұрамыз да қаламыз. Сосын айқай-шу, бір-бірін итеру, нұқып жіберу, балағат сөздер басталып кетеді. Түсінуге болады, жұмыстан қайтар кешкі уақыт, бәрінің жүйкесі сыр беріп, қажып, шаршап тұрады. Бірақ осы ораза басталғалы біздің автобустың жолаушыларында сабыр пайда болған секілді. Бұрынғыдай алқын-жұлқын ұмтылыс азайғандай, ауыз бекіткені бар, бекітпегені бар, әйтеуір, арада бір көзге көрінбес сабыр, шыдам, төзім, қасиетті айға деген құрмет бардай көрінеді маған.



Айнаның екі жағы болатын секілді, бірақ кеше екі әріптес метроға отырғанымызда, қаздай тізіліп отырған әп-әдемі жастардың бірде-бірі ұшып тұрып орын бермеді. Ораза ғой қазіргі жастардың көбі дедік те қойдық. Дұрыс. Бірақ адамгершілік, қайырым, мейірімді де ұмытпасақ екен. Ораза ұстағаныңыз ешкімге міндет болмауы тиіс. Жалпы, ораза ұстасаңыз да – өзіңіз үшін, ауызашар берсеңіз де – өзіңіз үшін.



 


ҮЙДЕ


Кеше бір ер әріптесім «маған сыртта, кафе, мейрамханада ауыз ашқаннан гөрі  үйде, бала-шағамның жанында ашқан жайлы» деп қалды. Жаны бар сөз. Күні бойы түзде, жұмыста, оның үстіне ашқұрсақ жүрген ер адамның кешке шаңырағына, жақындарына, ауызашарға асығып жетіп, өзін де сағына күткен бала-шағасын құшағына қысып, төрт көзі түгел, ортасында отырып, бүгін кімнің не тындырғанын сұрап, істеген істерін қолдап-қолпаштап қойып, маңдайы терлеп-тепшіп ішкені шайының, асының сіңімді болары анық.


Ал екінші бір әріптесім (әйел) етжақын туыстарына ауызашар беріп жатып, дастархан жиылар сәтте меймандарына қарата: «Бәріңізге ризамын. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Осынау қамшының сабындай қысқа ғұмырда, жанталасқа толы жалған тірлікте әлдебіреуіңізді ренжітіп алған, қатты айтқан сәттерім болса, кешірім сұраймын», – деді. Міне, оразаның да, ауызашардың да бір сүннеті осы шығар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:58

19:29

19:08

18:50

18:14

18:03

17:48

17:33

17:22

17:10

16:42

16:30

16:21

15:58

15:37

15:19

15:04

15:03

14:49

14:45

14:20

14:07

14:03

13:59

13:09