Қонаев қаласы кадастрлық кодын сақтап қалды

Қонаев қаласы кадастрлық кодын сақтап қалды
сурет: Кadastrmap.com

ҚР Ауыл шаруашылығының Жер қатынастары комитеті «Ашық НҚА» порталына жаңадан құрылған облыстардың, олардың құрамына енген аудандар мен қалалардың кадастрлық кодын белгілейтін бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Құжат жобасы бойынша, Абай облысына – 23, Ұлытау облысына – 25, Жетісу облысына – 24 деген кадастрлық код берілмек. Қонаев қаласы Қапшағай болып тұрған кездегі кадастрлық кодын сақтап қалды – 055. Сондай-ақ Абай облысындағы Курчатов қаласының кадастрлық коды – 217, Ақсуат ауданының коды – 333 болатыны айтылған. Ал Шығыс Қазақстан аумағында қайта құрылған Самар ауданының кадастрлық коды 334 болмақ. Бұған дейін қайта құрылымдау арқылы құрылған 3 облыстың көлік нөмірлері белгіленген еді. 

«Жаңадан пайда болған үш облысқа автокөліктердің өңірлерлік кодтарын мынадай тәртіппен беру ұсынылады: Абай облысы - 18, Жетісу облысы - 19,Ұлытау облысы - 20», - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі. 

Министрлік ақпаратына қарағанда, жаңа аймақтарда көліктің нөмір кодтарын енгізу барысында көлік құралдарындағы бұрынғы мемлекеттік нөмірлерді ауыстыру талап етілмейді.