Колонияда да білім бар

Колонияда да білім бар
almaty-akshamy.kz

Аяғын жаза басып, қылмысты болған жасөспірімдер де қоғамнан тыс қалмайды, орта білім алады, аттестат иеленеді.

Алматы қаласының Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты ЛА- 155/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан жеткіншектер орта мектепті бітіргені туралы аттестат алды.

Түзеу мекемесіндегі салтанатты жиын да еліміздің Әнұранымен басталды. Ортаға 11-сыныпты бітіруші түлектер сынып жетекшілерімен шықты.

ЛА-155/6 мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Дәурен Машимбаев колония ішінде білім беретін мектепті бітіріп жатқан жеткіншектерді мерекемен құттықтап, болашақта жақсы азамат болып шығатындықтарына сенім білдірді. Мектептің оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарлары Людмила Васильевна мен Айзада Әбдімәдиқызы да лебізін жеткізді. Бас бостандығынан айырылып, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан жасөспірімдер арасында биыл қазақ бөлімінен 11-сыныпты 11 бала, ал орыс бөлімін 1 оқушы бітіріп,  қолдарына орта білім туралы аттестат алып, қуанышқа бөленді. Ал 4 екпінді оқушы Мақтау қағазымен марапатталды.

Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, ән-жырмен өрнектелді. Көкке түрлі-түсті шарлар ұшырылды. Балалардың өздері темір торлы қоршаудың ішінде жүрсе де, олардың асқақ арманы жазылған шарлар еш кедергісіз аспан әлеміне жол тартты.