Қолма-қол валютаны заңсыз әкетуге бақылау күшейтілді

Қолма-қол валютаны заңсыз әкетуге бақылау күшейтілді
Cурет: 24.kz

Соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов елден қолма-қол валютаны заңсыз шығаруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

«Мүдделі қызметтермен бірлесіп қолма-қол валютаны заңсыз әкетуге бақылау күшейтілді, 4,9 млн АҚШ доллары сомасына 36 факт анықталды», - деді Ж. Элиманов депутататтық сауалға жауап бере отырып. 

Оның айтуынша, капиталдың елден әкетілуі туралы мәселені қарау кезінде кәсіпкерлердің әдеттегі іскерлік белсенділігімен немесе елдегі экономикалық жағдаймен байланысты капиталдың әкетілуін, сондай-ақ көбінесе қылмыстық қызметпен байланысты капиталдың заңсыз шығарылуын ажырату қажет. 

«Қазіргі уақытта офшорларды иелену қазақстандық заңнамаға қайшы келмейді. Сыртқы экономикалық қызмет аясында елден тыс жерлерге ақша аударудың көптеген заңды негіздері бар, мысалы, резидент емес құрылтайшыларға дивидендтер төлеу түрінде. Бірқатар кәсіпорындар өз қызметінің сипатына қарай шетелдік банктерге ақша орналастырады», - деді агенттік басшысы. 

Бұған дейін хабарланғандай, Жанат Элиманов биыл Қазақстаннан шетелге ауарылған қаражаттың сомасы 30 пайызға аз болғанын айтты. Айта кетейік, биыл ақпан айының басында Мәжіліс депутаттары қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде Қазақстаннан шетелге қандай көлемде қаржы шағарылғанын анықтау үшін сауал жолдаған болатын. Бұл депутаттық сауалда соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылғаны атап өтілген.