Қолында қайшысы, жүрегінде өмірлік қағидасы бар

Қолында қайшысы, жүрегінде өмірлік қағидасы бар
almaty-akshamy.kz

Еңбек адамы 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде: «Көпшілік қазіргі уақытта нағыз батырлардың жетіспейтінін айтады. Бірақ нағыз қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар біздің арамызда. Батырлар күн сайын зауыт станогында жұмыс істейді, қоғамдық көлік жүргізеді, ұшақ штурвалына отырады, құтқарушының қорғаныс киімін киеді, науқасқа жедел жәрдем беруге асығады, әскери техниканы меңгереді... Міне, осындай еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі», - деп атап өтті. Бұл сөздерде үлкен мән бар. Ешкімнің қолына қарамай, отбасы  үшін адал ас тауып, оған қоса өз еліне қызмет етіп жүрген азаматтарымыздың ерен еңбегі бар. Алматыда өз кәсібін тапқан Қанат Қалижанов та - осындай еңбек адамдарының бірі. Ол шаһар тұрғындарының шашын қысқартып, оларға өз шеберлігімен қуаныш сыйлайды.

Қазақ мектебі үшін күрес

Бүгінде өз кәсібін алып шаһар Алматыдан тапқан біздің кейіпкер – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының тумасы. Қанаттың балғын балалық шағы Өскемен қаласында өткен. Әкесі полиция қызметкері, анасы ұстаз болған. Сондықтан ол кішкене күнінен білімге құштар, еңбекке жақын боп өскен. Алайда, бала Қанаттың оқушы шағы кеңестік кезеңнің соңғы жылдарына тура келген. Сондықтан ол бастауыш сыныптарда туған тілінде тәлім ала алмапты. Дегенмен, кейіпкеріміздің анасы «өз тілінен ажырап қалмасын» деп, баласын қаладағы жалғыз қазақ лицейіне апарған.

Ол кездері балабақша да, мектеп те – бәрі орыстілді еді. Сол себепті, 6-сыныпқа дейін орыс тілінде білім алдым. Алайда, анам қазақ тілінде оқығанымды қалады. Сол себепті, құжаттарымды қаладағы жалғыз қазақ лицейіне тапсырған. Бірақ олар «біз тек ауылдың балаларын қабылдаймыз» деп мені алмай қойыпты. Осы кездері қазақ мұғалімдерінің «қазақтілді мектеп керек» деген бейбіт шеруі өтеді. Нәтижесінде №23 орыс мектебінің бірінші қабаты қазақ оқушылары үшін беріледі, – деп еске алады ол.

Бұл оқиғаны Қанаттың анасы да қуана қарсы алған. Енді ол баласының құжаттарын жаңа мектепке апарса, алдынан тағы бір қиындық шыға келген:

Қазақ мектебіне барсақ, оқушыларды тек 6-сыныпқа қабылдап жатыр екен. Себебі, 7-сыныпқа бала жетіспейді. Анамның батылдығы болар, айналаның бәрі орыстілді кезде ештеңеге қарамай, мені 6-сыныпқа қайта берді. Өз тілінде оқысын деді. Сөйтіп, бір тоқсан оқып шыққанымда, қуанышымызға орай 7-сынып ашылды. Мен қайтадан өз жасыма сай сыныпқа ауыстым. Кейінірек №23 мектеп түгелдей қазақ мектебіне айналды. Бүгінде қазақ мектебіне беремін деп күрескен анама алғыс айтамын.

Жаңа мекен, жүрекке жақын мамандық

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары халық тұрмысы төмен болғаны ешкімге жасырын емес. 90-жылдардың қиындығы Қанаттың да отбасын айналып өтпеген. Сондықтан кейіпкеріміз отбасымен бірге 1997 жылы ордалы өлке Алматыға көшіп келіп, қала жанындағы Талдыбұлақ ауылына қоныс тебеді.

Бұл шақта мектепті бітірген ол ҚазИТУ-ға оқуға да түскен. Алайда, тұрмыстық жағдай  алаңсыз білім алуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан жас жігіт жұмыс істеуге бел буады.

1997 жылы жаңа жұмысқа орналастым. Бірақ ол жер 1-2 күннен кейін кел деді. Ал менің қалтамда көк тиын жоқ. Енді жұмысқа шыққанша кімнен 500 теңге қарыз алсам болады деп ойланып жүрдім. Содан бірнәрсе білгендей, далаға шығып, Құдайдан ақша тауып алсам деп тіледім. Шынайы сұрағаныңды Жаратушымыз да береді екен, жаяу жүріп келе жатып, Төле би мен Әуезов көшелерінің қиылысында 4 мың теңге тауып алдым. Қуанышым қойныма сыймай, үйге азық-түлік алып қайттым, – деп сол бір күндерден сыр шертті ол.

Жаңа мекендегі Қанаттың қолға алған жұмысы шаштараздық болды. Ол алдымен шаруадан қолы босамайтын өз жақындарының шашын алатын. Алайда, өз икемділігін байқаған соң, Талғарға барып, арнайы осы мамандықты оқып шығады.

Шаштараз мамандығына оқып жүргенімде, ең үздік тәлімгердің бірі ретінде мені шаш алатын кабинетті басқаруға жіберді. Онда төрт орындық бар. Енді үйреніп жүрген қыз-жігіттердің практикасына көмектесуім қажет. Сонда бізге тегін шаш алуға адамдар келеді. Бір күні тәжірибеден өтіп жүрген қыз алдындағы адамның кекілін түгел алып тастапты. Содан шу шықпасы бар ма? Тәлімгер қыз «оның кекілі басынан болған жоқ» десе, ана жігіт «жоқ, кекілім болған» дейді. Иә, мұндай қызық та күлкі оқиғалар оқу кезінде көп болатын. Өзімнің өмірлік жарыммен де осы шаштараздықты оқып жүріп таныстым, – дейді ол.

«Халыққа қызмет ету бұйырды»

Білімі мен тәжірибесі толыққан соң, Қанат қолына қайшы алып, шаштараз ретінде жұмыс істеуді бастайды. Алғашқы кезде Талғарға келіп, шаш алады. Алайда біршама уақыт өткенде, кәсібін қаладан іздеуді жөн көреді. Нәтижесінде, ол қаладағы шағын салондардың біріне жұмысқа орналасады.

Ол кезде құрал-жабдықтарым аз. Шаш алуға келетін адамдар да көп емес. Сондықтан бастығымыз аула тазалаушы іздегенде, ол жұмысты да өзіме қатар алдым. Одан кейін салон ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болды. Оны да өз мойныма арттым. Осылайша шаштараз боп кірген салонда бірнеше жұмысты қатар істедім. Шүкір, сөйтіп жүріп аяққа тұрып, адам боп кеттік, – деп күледі Қанат.

Иә, еңбек жолын осылай бастаған кейіпкеріміз қазіргі уақытта өз саласының нағыз шебер маманына айналған. Ол бүгінде алдына келген әр адамның ыңғайын тауып, қажетті шаш үлгісін жасап, өзіне жүгінген адамдардың сенімін ақтап жүр.

Халыққа қызмет ету бұйырды. Бірақ көпшілікпен жұмыс істеу оңай емес. Біреу көңілсіз, енді біреу ашуланып келеді. Әрқайсысымен тіл табысып, сұраған шаш үлгісін жасау – біздің міндетіміз. Дегенмен, алынған шаштың сәтті шығуы адамның өзіне де байналысты. Мінезі жақсы, көңілі таза адамның шашы қандай қатты болса да, оны икемге келтіре аласың. Ал өзі қиын адамның шашын алу да қиын болады, қолың жүрмейді.

Кейде адамдар «бүгін маңызды кездесуім бар», «тойға барамын» деп өз жағдайларын айтып жатады. Сондай кезде ақша үшін емес, адам көңілі үшін барыңды саласың. Келген адамдар істеген жұмысыма риза болса, өзім де жақсы боп қаламын, – дейді.

 

Әке көрген оқ жонар

Әр жұмыстың өз қызығы мен қиындығы бар. Сырт көзге жеңіл көрінетін шаштараз мамандығының ауыртпалығы да біраз жылдар өткен соң біздің кейіпкеріміздің денсаулығына өз әсерін тигізген:

Бұл жұмыста істегеніме 20 жылдан асты. Бірыңғай тік тұрып жүргендіктен, қазір белім ауыратынды шығарды. Сондықтан дәрігерлерге қаралып, ем алдым. Бірақ оның әсері бола қойған жоқ. Содан йогаға барып көрдім. 3-жаттығу күнінен кейін бойымдағы ауыртпалық жоғалды. Гимнастиканың осы түрі өзіме қатты ұнап қалды, денсаулығым қалыпқа келді. Сол себепті, йога оқуын тәмамдап, одан бірнеше мәрте сабақ та бердім. Қазір хоббиім десем болады. Алайда, алдағы уақытта осы салаға шындап көңіл бөліп, қазақша йога үйірмесін ашуды жоспарлап отырмын, – дейді кейіпкеріміз.

Қанат бос уақытында жеке хоббиінен бөлек, бала тәрбиесіне де аса мән береді. Жұбайы Айсұлумен бірге үйдегі төрт баласының (үш ұл және бір қыз) бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіруді мақсат тұтады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, өз ісімен балаларына үлгі болуға тырысады.

Балаларым әлі кішірек кезде бір қызық оқиға болды. Үлкен балам 8 жаста, екінші ұлым 6-да еді. Екеуін алып, қаладағы автобустардың біріне отырғанмын. Кондукторға жол ақысын берсем, ол маған артық ақша қайтарыпты. Балаларыма үлгі болсын деп олардың көзінше кондукторға артық ақшаны қайтардым. Үлкен ұлым: «Әке, ол ақшаны неге қайтардың? Одан да бізге балмұздақ алып бермедің ба», - дегені бар емес пе? (деп күліп жіберді ол). Сонда мен: «Балам, бұл ақша - сол кісілердің еңбегі. Біреудің ақысын жеуге болмайды», - деп түсіндірдім.

Халықпен жұмыс істеген соң байқаймын, қазір адамдардың жүрегі суып кеткен. Адамгершілік жетіспейді. Сондықтан шамам келгенше өз балаларымды адал да әділ болуға баулып келемін. Сондай-ақ, оларға туған тілінде «әке», «ана» деп айтқызып, кішкене күнінен қазақша тәрбиені беруге тырыстық.

Түйін:

Халқымызда «Жақсыны көрсең, көңілің ашылады» деген сөз бар. Қолымен қайшысын, жүрегімен өмірлік қағидасын ұстаған еңбек адамымен танысу біздің оқырмандарымыздың да көңілін ашып, көпшілік біле бермейтін көлеңкедегі батырларды тануға көмектеседі деп ойлаймыз.

«Almaty-akshamy» газеті, №142 (6277) 1 желтоқсан, бейсенбі, 2022 жыл.