Көлік шуы гипертония тудырады

Көлік шуы гипертония тудырады Сурет: Pixabay

Қоршаған ортаның ластануы – өмірге қауіпті. Соның салдарынан жыл сайын әлемде 9 млнға жуық тұрғын көз жұмады екен. Көшедегі шу да денсаулыққа зиян көрінеді.


Әрлі – берлі зырылдап жатқан көліктер, жүйткіген поездар, әсіресе қалалықтардың дегбірін қашырып, жүйкесіне тиеді. Азан-қазан тірліктің қаупін адамдар елемегенімен, мамандар мұны экологиялық мәселеге жатқызып, дабыл қағып отыр. Бұған арнайы жүргізілген зерттеу қорытындысы дәлел, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.


Жол бойындағы шу денсаулыққа зиян. Қозғалтқыштың гүрілі, тежегіштің сықыры секілді тас жолдағы кез келген дыбыс сау адамның өзін ауру қылуы мүмкін. Кәрі құрлықта 60 миллионнан астам тұрғын денсаулығының нашарлағанына шағымданған. Еуропалық агенттіктің мәліметі бойынша, осындай шудың әсерінен 48 мың адам жүрек ауруына шалдыққан.


Париж, Рим, Мадрид, Лондон, Будапешт, Берлин - ең шулы қалалар. Франция астанасында көлік шуы 66,9 пайызға жеткен. Бұл Барселона денсаулық институтының дерегі. Орталық көше бойына арнайы қозғалыс дыбыстарын өлшейтін радарлар, камералар орнатқан. Көлік жүргізушілер дабыл қосып, бейберекет белгі бере алмайды. Өйткені қала тыныштығын бұзғаны үшін, 135 еуро көлемінде, айыппұл төлейді. (біздің теңгеге шаққанда 70 мыңдай) 


Қала шуының денсаулыққа әсері Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымының дерегі бойынша, кез келген шудың деңгейі күндіз 55, түнде 40 децибелден аспау керек. Ал дыбыс қарқынының бүкіләлемдік шкаласында жеңіл көліктен шығатын дыбыс - 70; жүк көліктері 80 децибелге тең. Ең төменгі көрсеткіш адамның тыныс алу кезінде шыққан дыбыс болса, ең жоғарғысы отшашу кезінде естіледі.  Егер шу деңгейі 85 децибелден асса, 8 сағат ішінде адам ағзасына кері әсер етеді.


Гарвард медицина мектебі зерттеушілерінің дерегіне сүйенсек, көлік шуы гипертония тудырады, яғни қан қысымы жоғарылайды. Сондай-ақ, мидың жұмыс істеу қабілетін бұзады. Нәтижесінде бұл, күйзеліс гормоны - кортизолдың бөлінуіне әкеледі. Статистиканы сөйлетсек, шуды көтере алмайтындар көбіне егде тартқан адамдар. Мәселен, 58 жастан асқан адамдардың 72 пайызы артық дыбысты қабылдауға қауқарсыз. Ал жастар жағы, у-шуға аса мән бермесе де, ғалымдар, шудың салдарынан олардың үнемі шаршап жүретінін айтады.


«Қаланың у-шуы, әсіресе балалардың сабақ үлгеріміне әсер етеді. Бұл ауадағы көрінбейтін вирус іспетті. Бала ауырғанын сезбейді. Иммунитеті біртіндеп әлсірей береді. Тамаққа тәбеті жоғалады», - дейді АҚШ эпидемиологиялық орталығының профессоры Эрика Уокер.


Көлік шуына қарсы күрес Қазір Еуропада трамвай жолына көгал төсеп тастаған. Бұл көліктің шуын бәсеңдетеді. Мұндай трамвай жолдары алғаш 1924 жылы Ливерпульде пайда болған. Кейін еуропалықтар бұл технологияны жаппай қолдануға көшті. Мәселен, былтыр Австрия билігі 9 шақырым трамвай жолын көгалдандыру үшін 37 млн еуро бөлген.


Жалпы, Еуроодақ елдері 2030 жылға қарай, көліктен шығатын дыбысты 30 пайызға азайтуды көздейді. Қазірдің өзінде Еуропада ескі көлік қалаға кіре алмайды. Тек тоқпен жүретіндерге ғана шектеу жоқ. Әйтеуір, көлік шуының зияны аз емес. Дәрігерлер күйзеліске түсіп кетпеудің де жолын ойлауды ескертеді. Ол үшін классикалық әуендер тыңдап, табиғат үніне жиі құлақ түрген абзал дейді.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамау
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Пікіріңізге рахмет