Көлік саласының "жаралы жерлері" жария болды

Көлік саласының "жаралы жерлері" жария болды
Сурет: 24.kz

Республикалық маңызды автожолдардың 52%-ының ғана жағдайы жақсы. 

Теміржолдар өз әлеуетінің шегінда жұмыс істеп тұр. Ал Каспийдің таяздануы елді теңіз тасымалынан айыруы мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халықаралық тасымал мен транзиттің дамуына не кедергі екенін атады. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Автокөлік саласы

Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасын әзірлеу аясында мемлекет саладағы ахуалға талдау жүргізді.

Нәтижесінде, 2022 жылы Қазақстанда ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 96 мың шақырымға жеткені анықталды. Соның ішінде 24,9 мың шақырымы – республикалық желі. Қалған басым көпшілігі, яғни 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Жолдардың 8,6 мың шақырымы, 34%-ы ғана – I және II техникалық санаттағы автожолдар.

ИИДМ дерегінше, республикалық маңызы бар автожолдардың тек 52%-ы немесе 12,8 мың шақырымының жағдайы жақсы. 38%-ы немесе 9,6 мың шақырымы – қанағаттанарлық, ал 10%-ы немесе 2,6 мың шақырымы – шұрық тесік, бұзылған жолдар.

Әсіресе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Ақмола облыстарының жолдары жөндеуге зәру.

"Автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын жеткілікті қаржыландырмау жол саласының ең өзекті мәселелерінің бірі. 2022 жылы бұл мақсатқа бюджеттен 29 млрд теңге бөлінді. Бұл нормативтік қажеттіліктің 69%-ын ғана өтейді. Ағымдағы және орташа жөндеулерді жеткіліксіз қаржыландыру салдарынан ақауларды жою уақытылы және толық көлемде жүргізілмейді, бұл жол инфрақұрылымының қарқынды бұзылуына және қымбат күрделі жөндеуді қажет етуіне соқтырды. Жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларды тек мемлекет қана қаржыландырып отыр", – деп түсіндірді Индустрия министрлігі.

Сондықтан жол құрылысын қаржыландырудың өзге тәсілдерін пысықтау күн тәртібінде өткір тұр. МЖӘ, концессия тетіктері өркен жая алмады.

Сонымен бірге жолдарға түсетін жүктеме еселеп артып барады. Бұған ішкі тасымал нарығына баса-көктей енген ресейлік, беларусьтік тасымалдаушылардың ауыртпалығы қосылды. Оның үстіне олардың нақты саны белгісіз.

2022 жылы Қазақстанда 424 мың (9,4%) отандық коммерциялық жүк автомобильдері, 214 мың (4,7%) тіркемелер мен жартылай тіркемелер, 68 мың (1,5%) автобустар тіркелген. Жалпы алғанда, елде шамамен 4,5 миллион автокөлік бар. Оның 3,8 миллионы немесе 84%-ы жеңіл автокөлік.

Халықаралық жүк тасымалдарына тартылған отандық жүк көліктері уақытылы жаңартылмағандықтан, тез тозуда. Мысалы, 2017 жылдан бері бұл көрсеткіш 22%-ға артып, қазіргі кезде 78%-ға жетті. Фуралардың тозуы және Еуразиялық одақ елдері тасымалдаушыларының белсенді экспансиясы кесірінен отандық жүк жеткізушілердің халықаралық түгіл, отандық нарықтағы үлесі 52%-дан 31%-ға дейін құлдырады.

Бұл ретте тасымал нарығындағы табыс артуда. Жүк айналымы үш есеге жуық артып, 173,5 млрд тонна-шақырымға жетті. Тасымалданған жолаушылар саны да 11,1 миллиардтан 23,8 млрд адамға дейін екі еседен астам көбейді. Бұл жұмыс ауқымын жатжұрттық тасымалдаушылар игеріп жатыр.

Теміржол көлігі

Теміржол көлігі барлық жүк айналымының жартысын, ал экспорттық және транзиттік жүктердің басым бөлігін тасымалдауды қамтамасыз ете отырып, Қазақстан экономикасында аса маңызды рөл атқарады.

Теміржолмен негізінінен көмір, темір кені, астық, мұнай өнімдері, яғни шикізат тасымалданады (көлемнің 58%). Салыстырсақ, автокөлікпен негізінен дайын өнім тасылады.

Тіпті консервативті болжам бойынша 2030 жылға қарай теміржолмен тасымалдаудың көлемі 13%-ға ұлғаяды және 326 миллион тоннаға жетеді. Оның ішінде транзит 44%-ға өсіп, 30 млн тоннаны құрайды.

Қазақстанда теміржолдар желісінің тығыздығы төмен. Шамамен 1000 шаршы шақырымға 6 шақырым теміржолдан келеді. Көптеген өлкелер теміржолмен қамтылмаған. Соңғы 25 жылда 2,7 мың шақырым жаңа теміржол желілері салынды: бұл өңірлерді өзара байланыстыруға және транзиттік маршруттарды оңтайландыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар халықты теміржол желілерімен қамту көрсеткіші бойынша Қазақстан қазірдің өзінде Еуропалық Одақ елдерін басып озды. Қазақстанда 1 млн тұрғынға 816 км, ал ЕО бойынша орташа есеппен – 451 шақырымнан келеді. Бұл Ұлы даладағы халықтың аздығынан.

Қазақстанда теміржолдардың жалпы ұзындығы бүгінде 16 мың шақырым. Бұл жөнінен республика әлемде 19-орында тұр.

Алайда көптеген теміржол желілерінің жүктемесі шектен тыс жоғары және өткізу қабілеттілігінің шегіне таяды. Сондай-ақ өткізу қабілеттілігі төмен, тар учаскелері артуда. Жалпы ұзындығының 16%-ынан асты.

Бұған қоса, магистральды жолдардың жалпы ұзындығының төрттен бір бөлігі ғана электрлендірілген. Электровоз тепловозға қарағанда жылдам жүйткитіні белгілі. Олардың жүріс жолы қысқа болғандықтан теміржолдарымыздың өткізу қабілеті қазақстандық жүк жөнелтушілердің сұранысын да толық көлемде қанағаттандыра алмай отыр. Министрліктің байламынша, экспорттық және транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемінің еселеп артуы өткізу қабілеті шектелген учаскелер санын күрт ұлғайтуы мүмкін.

Магистральдық локомотивтердің орташа тозуы 70%, маневрлік локомотивтерде – 75%-ды құрайды. Яғни ҚТЖ пайдаланатын 10 локомотивтің орта есеппен 7-сінің тозығы жеткен.

Көлік тасымалы саласының дамуына вагондардың тозуы да теріс ықпал етуды. Жаңаларын сатып алмай, 2025 жылдың соңында жалпы вагон паркі 121 мың, 2030 жылдың соңына қарай 101 мың бірлікке дейін азаяды. Ең көп қысқару жартылай вагондарда (минус 21,5 мың), цистерналарда (-5,5 мың) және жабық вагондарда (-2,8 мың) болжанады.

Теңіз көлігі

Қазақстанда Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілеті Каспий маңы мемлекеттерінің көлік инфрақұрылымына тәуелді. 2018 жылдан бері Каспий арқылы қазақ мұнайының шамамен 90%-ы ресейлік Махачкала портына жөнелтіліп келеді. Тек шағын көлемі ғана Әзербайжанның Сангачал терминалына тасымалданады. Алда жағдай өзгеруі мүмкін. 5 желтоқсанда Ресей мұнайына батыстық шектеулер күшіне енеді. Қазақстан баламалы бағыттарды дамыту аясында, Жерорта теңізі мен Парсы шығанағы нарығына тікелей шығу үшін Әзербайжан порттарына жөнелтілетін мұнай көлемін арттыруда.

Су жолдарында экспорттық жүктердің шамамен 70%-ын мұнай мен астық құрайды (сәйкесінше 40% және 30%). Ақтау портының мұнайды ауыстырып тиеу бойынша өткізу қабілеті шамамен 7,5 млн тонна, астық бойынша – 2,1 млн тонна. 2030 жылға қарай Каспийдегі портымыз арқылы тасымалданатын мұнай көлемін 20 миллион тоннаға жеткізу жоспарлануда.

"Каспий теңізі деңгейі жылына шамамен 6-7 сантиметрге төмендеп барады. Соның кесірінен порттарда кемелердің шөгуі проблемалары туындауда. Салдарынан қазірдің өзінде жүк көтергіштігі 12 мың тонна мұнай құюға жететін кемелер, яғни танкерлер тек 70%-ға жүктелуде. Бұл кеме қатынасы компанияларын экономикалық шығынға соқтырып жатыр", – деп түсіндірді Индустрия министрлігі.

Каспий теңізіндегі бір бағытты да Батыс шектеп тастады. Қазақстанның Иранмен swap операциялар туралы шарттары халықаралық санкциялардың енгізілуіне байланысты 2010 жылдан бері тоқтатылды. Бірақ санкцияға азық-түлік ілікпеген. Иран бағытында астықтың ірі жүк жөнелтушісі – "Азық-түлік корпорациясы" АҚ. Компания Ақтау және Амирабад портындағы астық терминалдарын дамытуға ниетті.

Иранға қарсы қайталама санкциялардың енгізілуіне байланысты қазақстандық туы бар кемелер осы бағытта жүктерді тасымалдауды доғарды. Бұл отандық тасымалдаушылардың шамамен 2 млн тоннаны құраған теңіз тасымалдарының үлкен нарығын жоғалтуына әкеледі.

Ал Әзербайжан бағытында жүктерді тепе-тең негізде тасымалдау кезінде қазақстандық және әзірбайжан туларымен жүзетін кемелер жұмылдырылған. Алайда Қазақстанның сауда флотының құрамында паромдар жоқ. Салдарынан, бұл салада Әзербайжанның ASCO компаниясы монополистке айналды.

Каспийдегі Ақтау, Құрық, Баку/Алят, Батуми, Поти теңіз порттарының ағымдағы мүмкіндіктері Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағытындағы тасымалды әзірге тек 9 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 7 млн тоннасы мұнай және сусымалы жүктер (көмір, металл, кен), ал қалғаны 100 мыңға дейін контейнерлер (2,7 млн тонна). Транскаспий бағытында бірыңғай көліктік-логистикалық тізбекті құру жұмыстары 2030 жылға қарай мұны екі есеге дейін арттыруға тиіс.

Индустрия министрлігінің мәліметінше, орта мерзімді перспективада теңіз тасымалын ұлғайту порт инфрақұрылымын жаңғыртуды және сауда флотын мамандандырылған кемелермен, паромдармен, контейнерлік кемелермен, танкерлермен толықтыруды талап етеді.

Бұл ретте паромдар құрылысына "бюджеттік кредит беру" түрінде мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Өйткені паромдық тасымалдар жоғары табысты сектор емес. Бірақ оның стратегиялық миссиясы бар. Ол сыртқы сауданы өзге елдерге тәуелділіктен, жүк нарығындағы ахуалдың күрт ауытқуынан қорғайды, отандық экспорттаушылар үшін тасымал мүмкіндіктерін кеңейтеді. Тұтастай алғанда ел экономикасы үшін мультипликативтік әсер береді.