Қоғамдық ұйымдардың жетекшілері референдумға қатысты ойын бөлісті

Қоғамдық ұйымдардың жетекшілері референдумға қатысты ойын бөлісті
Сурет: Inform.kz

Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық ұйымдар жетекшілері алдағы референдумға қатысты ойларын ортаға салды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Өскеменде референдумды қолдау жөніндегі өңірлік қоғамдық штаб мүшелері қоғамдық ұйымдар жетекшілерімен кездесті. Олар алдағы референдумға қатысты пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Облыстық штаб төрағасы Олег Чернышов Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан негізгі өзгерістерге тоқталды. Ал ШҚО прокуратурасы ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық қолдау штабының мүшесі Ғазиз Найзабаев жаңа өзгерістерде азаматтар құқықтарының қамтамасыз етілуіне қатысты сөз қозғады.

«Референдум – әрбір азаматтың жеке пікірі ескерілетін маңызды саяси оқиға. Осы ретте, Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуы – үлкен жетістік. Бұл бұрыннан бері көтеріліп келе жатқан ұсыныс еді. Енді нақты шешім қабылданады. Сондықтан Жаңа Қазақстанның қалыптасуына әрбір азамат өз үлесін қосып, 5 маусымда дұрыс таңдау жасау керек», - деді ол.

Жиынға қатысқан қоғамдық ұйымдар жетекшілері ұсынылып жатқан өзгерістерді қолдайтындықтарын айтып, референдумда дауыс беретіндіктерін жеткізді.