«Қыз Жібек» ансамблі Түркияда өткен халықаралық байқауда 1-орын алды

«Қыз Жібек» ансамблі Түркияда өткен халықаралық байқауда 1-орын алды
Cурет: Inform.kz

Ансамбь құрамында 30 қыз бала (үлкен және кіші топ) болса, репертуарда отызға тарта ән, терме бар

Батысқазақстандық «Қыз Жібек» дәстүрлі әншілер ансамблі Түркияның Измир қаласында өткен «International Foça Forgotten Children Games and Dance Festival» атты халықаралық фестиваль-байқауында» бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Аталмыш байқауға Әзірбайжан, Болгария, Румыния, Грузия, Македония, Косово, Босния және Герцовина, Грекия, Сербия, Молдова, Украина, Түркия, Қазақстан елдерінен мыңға жуық бала қатысып, бақ сынады.

«Қыз Жібек» ансамблін 2011 жылы белгілі әнші-термеші, сазгер, ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиева Казталов ауданы, Жалпақтал ауылында ұйымдастырған болатын. Содан бері республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып үлгерген ансамбльге Баян Құбайқызымен бірге оның ұлы Асылхан Болтанов жетекшілік етіп келеді.

Асылхан Қымызбайұлының айтуынша, қазіргі кезде ансамбь құрамында 30 қыз бала (үлкен және кіші топ) болса, репертуарда отызға тарта ән, терме бар.

«Ансамбль қазақтың төл өнерін насихаттап қана қоймай, татар, орыс, қырғыз, түрік халықтарының әндерін де орындайды. Бұл жолы менің «Қазақ елі жасасын!» атты әніме қоса Махамбеттің термесін, түріктің бесік жырын шырқады. 23 сәуірде Түркияның Ұлттық тәуелсіздік күнімен қоса Балалар күні де аталып өтіледі. Ол елде балаларға ерекше көңіл бөлінеді екен. Министрліктен келген басшылар әр топқа келіп, «Қош келдіңдер!» деп құрмет көрсетті. Фестиваль қорытындысында бірінші орынмен бірге Болгарияда 29 маусым – 3 шілде аралығында өтетін «Sunny days in Sunny Beach» атты халықаралық байқауға жолдама алдық», - деді А.Болтанов.