Қытайдың жаңажылдық кешінде қазақ әндері шырқалды

Қытайдың жаңажылдық кешінде қазақ әндері шырқалды
сурет: Аlmaty.tv

40 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жаңажылдық кеште екі қандасымыз өнер көрсетті.

Қытайдың ұлттық CCTV телеарнасындағы «Spring gala festival 2023» сауық кешін 655 миллионнан астам адам тамашалады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

21 қаңтар сағат 24:00-дегі жағдай бойынша, «Spring gala festival 2023» кеші тікелей трансляциясын Қытай бойынша 655 миллионнан астам адам тамашалаған. Ал CCTV арқылы шоуды көрушілер саны 108 миллионнан асып түскен. Өзге елдерде CGTN арнасы арқылы 36 миллионнан астам адам концерттік бағдарламаны көрген.

Биылғы концерттік бағдарламаның беташар нөмірі «Гүлдер» әнін қандасымыз Риза Әлімжанқызы Джеки Чан, У Дацзин секілді өнер-спорт жұлдыздарымен бірге орындады. Риза Әлімжанқызы былтыр Қытайдың телеөнер саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапат Flying Apsaras сыйлығын жеңіп алған болатын. Сондай ақ, аз ұлттар орындаған «Біздің ауыл» әнін Алтай аймағының өнерпазы Аршын Бақатқызы қобызбен сүйемелдеді. 

CCTV-дің дәстүрлі мерекелік жаңа жыл кеші - Қытайдағы ең мәртебелі және көрермені ең көп телебағдарламалардың бірі. Бұл концертте өнер көрсету ҚХР өнер жұлдыздары үшін үлкен мәртебе болып саналады.