Қытайдан әкелінген 585,6 млн теңгенің контрабандалық тауары әшкереленді

Қытайдан әкелінген 585,6 млн теңгенің контрабандалық тауары әшкереленді
Сурет: Inform.kz

Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми сайты жазды.

Қытайдан тауар тасымалдайтын ЖШС бірі 585,6 млн теңгенің контрабандалық тауарын алып өтпек болған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

 «ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабы 2-бөлігінің 1,4,5-тармақтарында көзделген экономикалық контрабанда фактісі бойынша «Group of the Companies TDA» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Кәсіпорынның барлық операциялық жұмыстарын осы ЖШС директоры жүргізді. Қытайдан Еуразиялық кеден одағының кедендік аумағына заңсыз тасымалданған тауарлардың жалпы құны 585 617 144 теңгені құрады», - деп жазады агенттіктің ресми сайты.

Кәсіпорын бұл тауар үшін бюджетке 125 244 847 теңге көлемінде кедендік төлемдер мен салықтар төлеуі керек болған.

«Биылғы жылдың 31 наурызында Алматы қаласының арнаулы ауданаралық тергеу соты ЖШС директорына қатысты 2 ай мерзімге «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды», - делінген ресми мәліметте.

Еске салсақ, Құрық порты арқылы 22 тонна темекіні заңсыз әкелген контрабандашы сотталған болатын.