Қытайдағы Олимпиадада допингке қарсы жаңа әдіс қолданылады

Қытайдағы Олимпиадада допингке қарсы жаңа әдіс қолданылады
Сурет: Dw.com

Ол дәстүрлі сынама алу әдісіне қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие.

«Құрғақ қан» талдауына негізделген спортшыларды допингке тексерудің жаңа әдісі алғаш рет ресми және толық көлемде Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарында қолданылады. Бұл туралы сәрсенбі күні Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (WADA) басшысы Витольд Банька баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарында құрғақ қан дақтарына тестілеудің жаңа әдісін енгізу - допингке қарсы қозғалыстың дамуындағы маңызды оқиға. Ол дәстүрлі сынама алу әдісіне қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие.

WADA өкілдері «құрғақ қан» әдісі биоматериалды жинау және тасымалдау процедурасын жеңілдетеді, сонымен қатар спортшылардың денесіне әдеттегі сынама алу әдістеріне қарағанда азырақ араласады деп санайды. Тәжірибе ретінде Токиодағы Жазғы Олимпиада кезінде «құрғақ қан» алу әдісі қолданылды. Құрғақ қан дақтарына арналған тестілеу әдісін Дүниежүзілік антидопинг агенттігі Халықаралық Олимпиада комитетімен (ХОК) және АҚШ, ҚХР, Жапония, Швейцария және Аустралияның Ұлттық допингке қарсы ұйымдарымен бірлесіп әзірледі. Бейжіңдегі XXIV Қысқы Олимпиада ойындары 4-20 ақпан аралығында өтеді.