Қытайда локдаунға наразы жұрт бейбіт шеруге шықты

Қытайда локдаунға наразы жұрт бейбіт шеруге шықты
Сурет: Inbusiness.kz

Бұл - елдегі ең ұзақ локдаун.

Жексенбі күні кешке Шанхайда жүздеген демонстрант айқайлап, полициямен төбелесті. Осылайша, елдің қиыр батысындағы пәтердегі өрттен кейін басталған қатаң шектеулерге қарсы шерулер үшінші күнге ұласып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz сілтеме жасап.

Бейжіңді қоса алғанда, басқа қалаларға да тараған азаматтық бағынбау акциялары материктік Қытайда он жыл бұрын Си Цзиньпин билікке келгеннен бері мүлде болмаған жағдай және де демонстрациялар Сидің "нөл-ковид" саясатынан халық түңіле бастаған шақта өтіп жатыр. Айта кетсек, Қытай үш жылға жуық уақытын әлемдегі ең қатаң карантиндік шектеулермен өткізді.

Үрімші қаласындағы көп қабатты тұрғын үйдегі өрттен адамдар локдаун кесірінен қаза тапты деген бейнематериал әлеуметтік желіде жарияланғаны сол-ақ екен, елде наразылық басталды. Алайда Үрімші шенеуніктері сенбі күні таңертең кенеттен баспасөз мәслихатын өткізіп, COVID-ке қарсы шаралар адамдардың өрттен қашуына немесе оларды тілсіз жаудан құтқаруға кедергі келтіргенін жоққа шығарды.

Үрімшінің 4 миллион тұрғынының көпшілігіне 100 күнге дейін үйлерінен шығуға тыйым салынған. Бұл - елдегі ең ұзақ локдаун. Осында тұратын ұйғыр әйел АР агенттігіне берген сұхбатында тамыздың 8-інен үйінен далаға шықпағанына, тіпті терезесін ашуға тыйым салынғанына шағымданды.

Интернет қолданушылары қытайлық және шетелдік әлеуметтік желілерде жариялаған видеоларға жүгінсек, карантинге қарсы шерулер Шанхайдан бөлек, Нанкин, Чэнду және оңтүстік-батыстағы Чунцинь мен Шыңжаңдағы Үрімші, Қорла қалаларында да өтіп, олардың кейбіріне мыңдаған адам қатысып, "Коммунистік партия жойылсын!", "Си Цзиньпин кетсін!" деген ұрандар көтерілген.