Қытай коронавируспен әлемді қайта алаңдата бастады

Қытай коронавируспен әлемді қайта алаңдата бастады
Сурет: Inform.kz

Қытайда коронавирустан 5241 адам қайтыс болған.

Бейжің алдағы екі аптада COVID-19 инфекциясын жұқтыру оқиғаларының ауыр жағдайларына тап болады. Мұны шетелдік және жергілікті респираторлық сарапшылар болжап отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz  cілтеме жасап.

Ал, Қытайдың күтпеген жерден аса қатал антивирустық саясаттан бас тартуының әлемдік экономикаға ықтимал зардаптары мен салдарлары қандай болуы мүмкін? Қазір бұл мәселелер де үлкен алаңдаушылыққа себепші.

Ауқымды наразылықтардан кейін, 1, 4 млрд халқы бар ел осы айда өзінің "нөлдік-COVID" режимін бұза бастады. Бұл саясат ҚХР-ды үлкен экономикалық және психологиялық шығындарға ұшыратса да, вирустың таралуын үш жыл бойы айтарлықтай тежеп келді.

Дегенмен, карантиндік шектеулердің кенеттен босаңсуы Қытайда коронавирусқа шалдығу фактілерінің күрт өсуімен тұспа-тұс келіп отыр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, Қытайда осы індеттен келесі жылы миллионнан астам адам қайтыс болуы мүмкін.

Пандемия басталғалы Қытайда коронавирустан 5241 адам қайтыс болған. Global Times газеті респираторлық сарапшылар мен эпидемиологтарға сілтеме жасап хабарлағандай, бұл сан таяуда күрт өсуі ғажап емес.

"Біз тез әрекет етіп, ресурстарымыз бен клиникаларды жағдайы ауыр науқастарды емдеуге шұғыл дайындауымыз керек", - дейді Бейжің университетінің бірінші ауруханасының респираторлық маманы Ван Гуанфа аталған басылымға берген сұхбатында.