Кітаптарды шаң баспайды

Алматының заманауи кітапханалары қандай?
Қала әкімі Б.Сағынтаев осы қызметке келген мезетте, алдымен аға буын өкілдерімен, сосын көп ұзатпай шаһардың жастарымен кездескен болатын. Еркін диалог бағытында көрініс тапқан сол жүздесуде қала басшысы мегаполистегі кітапханалар жүйесінің модернизацияланатынын айтқан болатын. Яғни заманауи келбетке ие болады деген.
Енді сәл шегініс. Бұрынғы кітапханалар қандай еді? Студент-жастар түгел дерлік Абай даңғылында орналасқан Ұлттық кітапханаға баратынбыз. Еңселі ғимараттың есігінен ене бере мүлдем басқа әлемге тап болатынбыз. Дереу бойымызды да, ойымызды да жинақтай қойып, салиқалы, салмақты, зиялы бола қалатындаймыз ба, қалай еді өзі. Кітапханашылар түрлі кітаптарға сіресіп тұрған биік-биік сөрелерден сұраған кітаптарымызды тауып беретін. Жеке-жеке шамдар қойылған үстелдерге жайғасып алып, қас қарайғанша да отыра беретінбіз. Кітапханадан шыққанша тыныштық құшағында болатынбыз.Тек газет-журнал, кітап беттерінің ашылып, жабылған әлсіз сыбдыры ғана естіліп тұратын. Басқа ештеңеге ойыңды бөлмей, алаңдамай, іздеп барған керек дүниеңді тауып, оқып, миымызды білімге «толтырып» қайтатынбыз.
*
Ал уақыт көшіне ілескен бүгінгі заманауи кітапханалардың бет-бейнесі мүлдем бөлек. Модернизация мақсаты – кітапханалардың жаңа моделін құру, жұмыстың инновациялық түрлерін дамыту. Соған сай, 26 кітапхана-бөлімшеден тұратын «Алматы қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің» қазіргі тыныс-тіршілігі де басқаша.
Модернизациялау кезінде әсіресе, «Шетсіз қала» қағидасына сәйкес қала шетіндегі аудандардың кітапханаларына үлкен мән берілді.
Қазіргі уақытта ОКЖ кітапханалары кітапты сақтау және ақпарат берумен ғана шектелмейді, олардың жұмысы кітап оқуды және кітаптарды, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар, адамдардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосуда. Яғни қазіргі кітапханалар түрлі шеберлік сыныптары, диспуттар, өмірі қызықты адамдармен кездесулер ұйымдастырылатын, әр түрлі тақырыптық үйірмелер алаңына айналған. Яғни бұрынғы дәстүрлі кітапханалардағыдан ерекшелігі, қазіргі кітапханаларда «тыныштық аймағы» да, «өзара пікір алмасу, әңгімелесу, яғни топтық аймағы» да бар. Ол үшін тар бөлмелер кеңейтіліп, артық сөрелер жойылып, олардың орнына қозғалмалы сөрелер орнатылды.
Бұлардың бәрі жастардың бос уақытында көшеде жәй жүріп, бірдеңеге ұрынып қалмауы үшін, пайдалы нәрселерге ден қоюы үшін жасалып отырған мүмкіндіктер.
Кітапханалар жаңаландық деп өз алдына өмір сүріп жатқан жоқ, шаһардағы мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Сондай-ақ, қаланың шет аудандарындағы оқырмандар үшін «Жылжымалы кітапхана» жұмыс істейді.
*
Алғашқы болып жаңғыртудан өткен Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында күн сайын 500 мың оқырман кіретін заманауи оқу орталығы құрылды.
Ал Түрксіб ауданында орналасқан №1 балалар кітапхана-бөлімшесінің тарихы әріден басталады. 1938 жылы ашылған. Кітап қоры 27 мыңға жуықтайды. Оның 9 мыңы қазақ тіліндегі кітаптар. Модернизациядан кейін мұнда балаларға арналған үйірмелер саны артқан. Өрендер тек кітап оқуға ғана келмей, енді ағылшын тілі мен компьютер тілін меңгеру үйірмелерінде тегін дәріс алып жүр. Бір күнде келетін оқырмандар саны орта есеппен 60-70 адамды құрайды.
№26 көпшілік кітапхана-бөлімшесінің ерекшелігі – мұнда коворкинг-орталық бар. Заманауи үлгідегі өзгеше дизайндағы шамдар мен жұмсақ орындықтар аса үйлесім тауып, оқырманына жайлы атмосфера сыйлайтыны анық. Компьютерлер саны да артқан.
Жаңғыртылған №44 кітапханаға баласын үйінде қалдыруға мүмкіндігі жоқ оқырман бөбегімен бірге келе алады. Ата-анасы кітап-қағазға үңіліп отырғанда, баласы бүлдіршіндерге арналып жабдықталған әдемі алаңқайда алаңсыз ойнай тұрады. Іргетасы сонау 1975 жылы қаланған, қазақ тілінде 8,5 мың, барлығы 21 мың кітап қоры бар бұл кітапханада түрлі үйірмелерден бөлек, психолог-маман аптасына бір рет жасөспірімдермен тегін консультация жүргізеді.
Биыл толықтай күрделі жөндеуден өткен «Қазақстан жазушылары кітапханасы» да заманауи форматтағы технологиямен жабдықталды. Қазіргі таңда бұл ғимарат ең көп оқырман келетін Әуезов ауданындағы ірі кітапхана болып отыр. Дәлірек айтсақ, келушілер саны 200-ден 400-500 адамға дейін артқан. Демек, кітаптарды шаң баспайды деген сөз. Өйткені, оларды қолға алатын оқырмандар көп. Мұнда 57 мың кітап қоры бар, оның ішінде 22 мыңы қазақ тілінде.
ОКЖ кітапханалары түгел компьютерлермен жабдықталған, келген оқырман ғаламторды тегін пайдаланады. Әр аптаның жеті күнінде де есіктері ашық. Сағат таңғы 09.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

АНЫҚТАМА.
• 2019 жылы 5 кітапхана (№15, №20, №24, №32, №33);
• 2020 жылы 10 кітапхана-бөлімшесі;
• Биыл төрт кітапхана (№1, №26, №44 және «Қазақстан жазушылары кітапханасы») жаңғыртылды.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *