Кітабынан түскен қаржыны науқас балаларға жұмсаған

Кітабынан түскен қаржыны науқас балаларға жұмсаған
Cурет: Министрлік

Министр жазушы қызды марапаттады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев жас экобелсенді Диана Мырзағалиевамен кездесіп, оны Құрмет грамотасымен марапаттады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Министр Диананың өмірі туралы БАҚ беттерінен оқып, үлкен әсерге бөленді.

Диана Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Бала кезінен дәрігерлер оған дизартрия (церебральды сал ауруының жеңіл түрі) диагнозын қойды.

Ол толыққанды сөйлей алмады. Оның бұл жағдайға душар болуы Семей ядролық полигонындағы сынақтың салдары болуы да мүмкін.

Диана денсаулығы сыр берген төрт баланың өмірі жайлы «Ақсу-Жабағылының сиқырлы әлемі» атты ертегі кітабын жазды.

Ол өз шығармасы арқылы ерекше балаларға және табиғатты қорғауға қамқорлықпен қарауға насихаттап қана қоймай, балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға өз үлесін қосқысы келді.

Осылайша, кітапты сатудан түскен барлық қаражатты онкологиямен ауыратын балалардың еміне жіберіп отыр. Бүгінге дейін сатылымнан 250 000 теңге түскен.

Кездесу барысында Серікқали Брекешев жас экологқа, оның ата-анасына және оқытушысына алғысын жеткізді.

Ол сондай-ақ министрлік жетекшілік ететін экологиялық жобаларға қатысуды, экооқыту жөніндегі акцияларға қатысуды және «Ақсу-Жабағылы» ұлттық паркіне баруды ұсынды.

Министр экобелсендіні Құрмет грамотасымен марапаттап, ата-анасына және ұстазына Алғыс хаттар табыс етті.