Қысқы универсиадаға қазақстандық 84 спортшы қатысады

Қысқы универсиадаға қазақстандық 84 спортшы қатысады
Сурет: Noc.by

Қаңтардың 12сі мен 22-сі аралығында АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында қысқы универсиада өтеді.

Халықаралық студенттік спорт федерациясының өкілдері Брюссельде бас қосып, шараға дайындық барысын пысықтады. Біздің ел де осы федерацияның белді мүшесі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қазақстан тарапынан басқосуға Ұлттық студенттік спорт Одағының Президенті Қайрат Закирьянов қатысып, Қазақстанның универсиадаға дайындығы жайлы баяндады. Байрақты бәсекеде елдің намысын 84 спортшы қорғамақ. Олар қысқы спорттың 12 түрі бойынша бақ сынасады.

«Универсиадаға қатысу үшін спортшылар халықаралық деңгейде мойындалған екпе салдыртуы тиіс. Қазақстанда Пфайзер жоқ. Басқосуда осы проблеманы көтеріп едім, Америка тарапы бізге қажетті вакцинаны жіберетінін және виза рәсімдеуге қолдау көрсететінін мәлімдеді. 2017 жылы Алматыда өткен қысқы универсиаданы Халықаралық студенттік спорт федерациясының басшылығы универсиада тарихындағы ең үздік деп мойындады. Олар қазақстандық студенттерсіз универсиаданы елестету мүмкін емес екенін айтып, спортшылардың жарысқа қатысуына барынша қолдау көрсететіндерін мәлімдеді», - дейді Қазақстан ұлттық студенттік спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов.