Қыс басталғалы қар құрсауында қалған 8 мың жолаушыға көмек көрсетілген

Қыс басталғалы қар құрсауында қалған 8 мың жолаушыға көмек көрсетілген
Сурет: Ашық дереккөз

25 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолына қысқы күтіп ұстау жұмысы жүргізілуде.

Елімізде қыс мезгілі басталғаннан бері жолшылар қар құрсауынан 4 мыңға жуық көлік құралын шығарып, 8 мыңнан астам жолаушыға көмек көрсетті. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

25 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолына қысқы күтіп ұстау жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 1400-ден астам қар тазалау техникасы жұмылдырылған. Десе де, республикалық жолдарда әлі де техника жетіспеушілігі байқалады. Мамандардың айтуынша, мәселені шешу үшін 400-ге жуық арнайы техника қажет. Соның 141 бірлігін биыл сатып алып, бірден тасжолдарға жіберу көзделген.

Қазіргі уақытта көктайғақпен күресу шаралары айрықша күшейтілді. Ол үшін елімізде 507 өндірістік база жұмыс істеп жатыр. Барлық қоймаларда қажетті материалдар әзірленген. Атап айтқанда, 67 мың текше метр құм, 21 мың тонна тұз бен 55  мың текше метр ұнтақ сақадай сай.

Айта кетейік, реконструкциялау және жөндеу аясында қалың қар басу қауіпі жоғары учаскелердің ұзындығы 2,5 мың шақырымға дейін қысқартылды. Осыған дейін 3,5 мың шақырымды құраған болатын. 419 шақырымға стационарлық қар ұстайтын қоршаулар қойылды. Бұдан бөлек, 43 мың метрге қардан қорғайтын қалқандар орнатылды. Аталған учаскелерге жауапты қызметкерлер мен қажетті техника да бекітіліп отыр.

Республикалық маңызы бар жолдарда «тайғақ жол», «максималды жылдамдықты шектеу» сияқты уақытша 4 461 жол белгісі қойылған.

Қауіпсіз және үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында ауа райына байланысты 400-ге жуық техника және 600-ден астам адам жұмылдырылған.

Жолшылар тәулік бойы патрульдеумен жүйелі түрде айналысады. Жыл сайын қыс мезгілінде жолда қиын жағдайға тап болған мыңдаған жүргізушіге жол қызметкерлері бірінші болып көмекке келеді. Мәселен, биыл қыс мезгілі басталғаннан бері жолшылар қар құрсауынан 4 мыңға жуық көлік құралын шығарды, 8 мыңнан астам жолаушыға көмек көрсетті.

Айта кетейік, елімізде 120 жылыту пункті бар. Олар боранды, суық күндері көлігі сынып, жүрмей қалған кезде жолаушыларды уақытша орналастыруға арналған. Бұл бекеттерде жол пайдаланушылары үшін тамақтанып, жылынып, жуынуы үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Ал жүргізушілер темір тұлпарларын жылы бокстерге қойып, жөндей алады.

Барлық қызметтердің бірлескен шараларын қабылдау уақытын көрсете отырып, қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты қозғалысты шектеу кезінде өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілді.

Штаттан тыс жағдайлар жедел әрекет ету үшін пайдаланушылардың қатысуымен Whats Аpp, Телеграмм сияқты танымал мессенджерлерде арнайы топтар құрылды.

Сонымен қатар, жол пайдаланушылары 1403 нөмірі бойынша «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ диспетчерлік қызметіне жүгінген жағдайда, көлік құралдарына дереу көмек көрсетілуде.