Қымбатшылыққа кім кінәлі?

Қымбатшылыққа кім кінәлі?
Сурет: Abai.kz

Биыл инфляция деңгейін 9,5 пайыздан асырмау қажет.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов азық-түлік бағасының қымбаттауына кімдердің кінәлі екенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

"Біз былтыр қажетті қорды жинақтап алдық. Сондықтан көкөніс өнімдері жағынан тапшылық болмауы тиіс еді. Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің барлығын бердік, қаржы да бөлінді. Бірақ баға бәрібір өсіп жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырған жоқпын. Жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес", - деді Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осы орайда Премьер пияз мәселесін де еске салды. Әкімдерге алдын ала келісімшарт жасауға тапсырма берілген болатын. Бірақ олар "пияз жеткілікті" деп бірнеше рет айтқан.

"Онда пияз неге қымбаттап жатыр? Бізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Біз бірінші кезекте өнім өндірушілерді форвардтық сатып алу механизмдерін қайта қарадық. Алайда әкімдер жеткізушілерге қаржы бөлуді доғармай отыр. Өкінішке қарай, ол делдалдарды көбейткеннен басқа нәтиже беріп жатқан жоқ", - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Бұдан бөлек, өңірлерге тұрақтандыру қорларын тиімді бағамен толтырып алуға мүмкіндік берілді. Бірақ тиімді жұмыс көрінбейді. Ал биыл инфляцияның деңгейін 9,5 пайыздан асырмау қажет.

"Бұған қол жеткізуге әбден болады. Ол үшін тек барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмысы қажет. Сіздерде қажетті құралдардың бәрі бар", - дейді Смайылов.