Қылмыскерлерге қару сатқан полицейлер сотталды

Қылмыскерлерге қару сатқан полицейлер сотталды
Сурет: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Жат ағым өкілдеріне қару сатқандар 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Олардан 347 бірлік қару, 13 граната және 7 387 оқ-дәрі алынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда тіркеуден шығарылған қару-жарақты қылмыс әлемі мен деструктивті діни ағым өкілдеріне сатып келген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бұрынғы қызметкерлеріне, сондай-ақ олардың көмекшілеріне сот үкімі шықты.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Алматы қаласы және Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында қаруды қайта айналымға шығару арнасының жолын кесті.

Тіркеуден шығарылған қару мен оқ-дәрі қылмыстық схема бойынша жойылды деген жалған есеп арқылы кейін сатылуға шығарылып отырған.

«Құрықтау және тінту барысында 347 бірлік қару, 13 граната және 7 387 оқ-дәрі алынды. Полицияның бұрынғы қызметкері ұйымдастырған қаруды модификациялау цехы жойылды», - деп хабарлады ҰҚК.

Сонымен қатар, қару-жарақты кімдер сатып алғаны анықталды. Олар - қылмыс әлемі, деструктивті діни ағымдар және бұрынғы полицейлер.

Сот үкімімен кінәлі адамдар 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Қызметтік міндетіне салғырт қарағаны және жеке құрамды бақылауды әлсіреткені үшін құқық қорғау органдарының бірқатар басшысы теріс негіз бойынша қызметтен шығарылды.