Киік саны ретсіз көбейсе, пастереллёз сынды аурулардың қаупі артады – министр

Киік саны ретсіз көбейсе, пастереллёз сынды аурулардың қаупі артады – министр
Сурет: inform.kz

Киік саны көбейгенде өз араларында жемшөпке, суға, аумаққа деген бәсеке күшейеді

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ҚР Президенті Телерадиокешінінің «Үш сұрақ» бағдарламасына берген сұхбатында киік санын реттеу мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Киік саны ең көп артқан кезі өткен ғасырдың сенсенінші жылдары деп есептеледі. Ол кезде киік басы 1 млн 200 мыңға жеткен болатын. Ал қазір төлдің өзін есептемегенде 1 млн 318 мың бас бар. Сондықтан, біз киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру бағытындағы жұмысты орындап қойдық деуге болады», - деді ол сұхбат барысында.

Ведомство басшысының пайымынша, киік санының шектен тыс көп болуы егін мен жайылымға ғана емес, өздеріне де зиянды. 

«Киік саны көбейгенде өз араларында жемшөпке, суға, аумаққа деген бәсеке күшейеді. Бұл бәсеке киіктердің ағзасын әлсіретеді. Киік әлсіресе, аурушаңдығы артады. Біз өткен жылдардың статистикасын қарадық. Аусыл, пастереллёз сияқты аурулар киіктердің арасында араға 3-5 жыл салып қайталанып отырады. Пастереллёз дерті соңғы рет 2015 жылы киікке қатты тигенін білесіздер. 150 мың бас қырылып қалған болатын. Бұл сол кездегі киік басының 30 пайызы еді. Ал қазіргідей көбейген кезінде эпизоотиялық жағдай туындаса, киік санын реттеу немесе тиімді пайдалану бағытында қажетті шара қолданбасақ, қырылған киіктің саны ол кездегіден әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бірақ мәселені әлі тыңғылықты зерделеу керек. Жуық арада тиісті шешім шығарамыз деп ойлаймын», - деді министр. 

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында киік популяциясын реттеу мәселесі бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялаған еді.