Ханкелді ӘБЖАНОВ, тарих ғылымының  докторы, академик: Бәсеке жаңашылдыққа бастайды

Ханкелді ӘБЖАНОВ, тарих ғылымының  докторы, академик: Бәсеке жаңашылдыққа бастайды
almaty-akshamy.kz

Бұл жол­ғы бағыт-бағдардың мәнін Президентіміз Аmanat партиясы­ның кезектен тыс ХХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде былайша тиянақтады: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қа­зақстан». Бұл туралы Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында да бірнеше рет атап көрсеткен.

Әділетті Қазақстан. Қысқа да нұсқа, тамаша анықтама! Жемқорларға, заңды белден басу­шыларға ұнай қоймас, ал мен үшін көктен іздегенім жерден та­былғандай болды. «Әділетті» сөзінің бірнеше синонимі бар: «Әді­лет», «Әділеттілік», «Әділдік». Бәрінің түбірі бір сөз – әділ. Осынау сөз­ді кезінде хакім Абай да молынан қолданған екен. Әділ жан тен­текті де тыятынын, дұшпанына да қиянат жасамайтынын өлең­мен өрнектепті. Абай «Әділетті» сөзін бірде хақтың жолы деп білсе, ке­лесіде ерлік мағынасында қолданады. Мұндағы хақ – Құдай, ал ер­лік дегені, ғұламаның сөзімен айтсақ, «әділетті ақыл мойындаған нәр­сені, қиын да болса мойындау».

Иә, бүгінгі Қазақстан үшін әлеммен бәсекелесуден бұрын, хақ жо­лына түсу маңыздырақ болып тұр. «Ұрлық түбі – қорлық», «Өтірік­тің арты бір тұтам» екеніне көзіміз әбден жетті. Өтірік пен ұр­лық бір жыл, екі жыл емес, ондаған жыл бойы қоғамымызды обыр­дай жеген екен. Енді, міне, Тұңғыш Президенттің мәртебесіне, Кон­ституцияға қатысты мәселелерді қалай шешерімізді білмей отыр­ған жайымыз бар.

«Кім – кімді?» сұрағымен бетпе-бет келдік. Мұндайда батыл да бастамашылдықпен қимылдағандар ғана жеңіске жетеді. Қаңтар­дағы бүлік тұсында Қ.Тоқаев қалай ерен батырлық көрсетсе, енді бү­гін одан он есе ірі ерлік пен қаһармандық керек. Жартыкеш ше­шім мен әрекет жарға соқтырады. Тәуелсіздік дұшпандарының күт­ке­ні де сол. Қолы таза, ақыл-ойы сергек әрі жаужүрек жігіттерді жұ­мылдырғаннан басқа жол жоқ.

Әділетті Қазақстанды адал да әділ жандар ғана құра алады. Әді­лет салтанат құрғанына көзі жеткен сәттен халықтың жасампаз бұла күші сыртқа шығады. Билік сол құлшынысқа сай болса, әлем­дік бәсеке биігінен көрінеріміз сөзсіз. Халық пен билік және зиялы қауымның әділдікке құрылған одағына ешқандай қара ниетті күш қарсы тұра алмайды.